Өскеменде кәріз қақпақтарын ұрлаушылар азаймай тұр
Өскеменде кәріз қақпақтарын ұрлаушылар азаймай тұр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Кәріз қақпақтарының қолды болуы – Өскеменің өзекті мәселесіне айналды деуге болады. Мәселен «Өскемен Водоканал» мекемесі жыл сайын 800-ден астам жаңа қақпақ сатып алуға мәжбүр. Ашық кәріздердің жаяу жүргіншілер үшін де, көлік жүргізгендер үшін де қауіпті екені айтпаса да түсінікті.
Полиция қызметкерлері ұрыларға қарсы түрлі шара жасап келеді. Қала билігі арнайы жұмыс тобын да құрды. Алайда облыс орталығында 25 000 кәріз люк бар. Әрбірін аңдып тұру мүмкін емес. Осы себепті қала әкімдігі тұрғындардың көмегіне жүгінуге мәжбүр.
Алдағы уақытта ашық люкке кез болған тұрғындар, КМС (777-236) немесе «Өскемен жылу желілері» АҚ (701-947, 618-652) және «Өскемен Водоканал» (531-661) мекемелерінің филиалына хабарласып, ақпарат бере алады.