ШҚО-да 27 жастағы жігіт жеті адамды өрттен аман алып қалды
ШҚО-да 27 жастағы жігіт жеті адамды өрттен құтқарды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Тengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Өрт қыркүйектің 8-інен 9-ына қараған түні Үлбі кентінде болған. Түнгі сағат бірлер шамасында Айбек Абдрахманов үйіне қайтар жолда аудандағы баспаналардың бірінде жалынның пайда болғанын байқаған. 27 жастағы жігіт үйдің терезесі мен есігін тоқылдатып шырт ұйқыда жатқан шаңырақты оятып, сыртқа шығуларына көмектесіпті.
– Бәріміз ұйықтап жатқанбыз. Өрт электр сымдарынан пайда болған көрінеді. Айбек дәл сол уақытта біздің үйдің маңынан өтпесе не болар еді? Елестетудің өзі қорқынышты. Сол түні ол үш баланы өз үйіне алып кетті, үлкен алғысымызды жеткіземіз, жүрегіндегі қайсарлық пен мейрімділік шырағы еш уақытта сөнбесін, – дейді Татьяна Гордеева.
Төтенше жағдай қызметіндегілердің айтуынша үйдің шатыры мен ағаш конструкциялары, терезе блоктары, жиһаздар мен үй иелерінің жеке заттары жанып кеткен. Өрттің жалпы аумағы 20 шаршы метр.
Өрттің шығуына электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігінің сақталмауы себеп болуы мүмкін. Әзірше кінәлі тарап пен залал мөлшері анықталуда.
– Оқиға орнында үш автоцистерна және он қызметкер жұмыс жасады, - деп атап өтті Төтенше жағдай департаменті.