Қарағайлы шағын ауданындағы үйлердің төбесінен су шелектеп ағып тұр
Қарағайлы шағын ауданындағы үйлердің төбесінен су шелектеп ағып тұр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын біздің редакция Семейде Қарағайлы шағын ауданындағы 286 пәтердің сатылымға дайын тұрғанын жазған болатын. Тұрғын үйлер «Нұрлы жер» және «Өз үйім» бағдарламалары бойынша өз иелерін таппақ. Алайда, 1 шаршы метрі 140 мың теңгеге бағаланған үйлердің сапасы көңіл көншітпей отыр.
– Наурыздың аяғында үш бөлмелі пәтер алғанбыз. 30-шы үйдің 2-ші қабатында тұрамыз. Енді міне төбеден аққан сумен алысып жүрміз. Әр бөлмеге шелек қойдық. Сенсеңіз 15 шелек су төктік. Құрылыс компаниясы бастапқыда келіп тесіктерді бітеп, әктеп кететін. Кейінгі уақытта бізден қашатынды шығарды. Барсақ, қайда жазсаңдарда бәрі бір сендерге беретін адамымыз жоқ күтіңдер дейін болды. Кімге барарымызды білмейміз, – дейді қала тұрғыны Азиза Жахметова.
Сұраққа жауап алу үшін аталмыш үйлердің құрылыс жұмыстарымен айналысқан «Восток Строй» және «Фирма Азия» компанияларына хабарласқан едік. Алайда, «Восток Строй» әлдеқашан жабылғандарын айтып, жауап беруден бас тартты. Сол себепті «Мәңгілікке саламыз» деп ұрандайтын екінші мердігер «Фирма Азияға» хабарластық. Аталмыш фирма директордың еңбек демалысында екендігін айтып, ал орынбасары орнында жоқтығын айтты. Бір-біріне сілтеген компания қызметкерлері ақыр аяғында жауап қайтармады.