ШҚО-да 115 көпбалалы отбасының бизнес-жобасы мақұлданды
Шығыс Қазақстанда көпбалалы отбасылардың 115 бизнес-жобасы субсидияланған. Бұл туралы облыс әкімдігінің мәжілісінде кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялақ даму басқармасының басшысы Ержан Шұрманов мәлім етті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Еске салайық, бұл көмек нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілуде. Аталған бағыттағы жұмыстың орындалуы барысын мемлекеттік органдармен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да бақылауда ұстауда.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шұрмановтың айтуынша, өңірімізде көпбалалы отбасылармен кездесулер ұйымдастырылып, оларға өз ісін ашудың артықшылықтары түсіндірілуде.
– Биылғы 7 тамыздағы жағдай бойынша мамандарымыз барлығы 157 кездесу, дөңгелек үстел мен семинарлар өткізді. Оларға 2,7 мыңнан астам адам қатысты. Сонымен қатар жауапты сала мамандары 2 368 отбасына хабарласып, сауалнама жүргізді. Нәтижесінде бес мыңнан астам жерлесіміз мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы толыққанды ақпарат алды, – деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, кез келген азамат жеке бизнесін ашып, грант пен шағын несиеге қол жеткізуі үшін кәсіпкерлік негіздерін оқуға міндетті. Ол үшін жұмыспен қамту орталықтарына барып, жауапты мамандардың көмегіне жүгіну қажет.
Жалпы алғанда, ағымдағы жылы кәсіпкерлер палатасының «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 1 400 адам білім алған екен. Оның 125-і көпбалалы отбасылардың мүшесі. Бұдан басқа «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 1 300 адамды оқыту жоспарланған. Қазір аталған жоба бойынша 724 жерлесіміз білім алуда. Оның ішіндегі 268 адам көпбалалы отбасылардан шыққан. Тағы 576 адам жобаның екінші легіне ілінген.
Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінге дейін облысымыздағы 115 көпбалалы отбасы ұсынған бизнес-жоба мақұлданып, аталған мақсатқа шамамен 143 миллион теңге көлеміндегі қаражат бөлу жоспарланған.
Облыс әкімі Даниал Ахметов аталған бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беру керектігін айтып, құзырлы органдарға тиісті тапсырмалар берді.