Биыл болған жол апаттарының себептері анықталды
«ҚазАвтоЖол» компаниясының алғашқы жарты жылдықтағы есебі бойынша, республикада 950 жол апаты болған. Онда 369 жолаушы көз жұмып, 1670 жүргінші түрлі жарақат алған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Кәсіпорын мәліметінше, жол апаты көп тіркелген үш облыс Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл екен.
Ал апатқа себеп болатын жағдайлардың басында жылдамдықты шектен тыс асыру тұр. 345 оқиға осыған байланысты. Одан кейін дұрыс маневр жасамау (115 оқиға), қарсы жолға шығу (109 оқиға), арақашықтықты сақтамау (75 оқиға), мас күйі рөлге отыру (25 оқиға), шаршау немесе рөлде ұйықтап кету (19 оқиға), және өзге де себептер (денсаулықтың нашарлауы, жүргіншіге жол бермеу, жүргіншілердің рұқсатсыз жерден өтуге тырысуы) (262 оқиға).
Кәсіпорын жол апаты көп болатын уақыттарды да анықтаған екен. 306 апат 12:00 – 18:00 аралығында болса, 18:00 – 24:00 аралығында 274 уақиға тіркелген.
Сондай-ақ көлік қақтығыстарының жүргізушілердің жасы мен тәжірибесіне байланысты екені белгілі. Көбіне 20-40 жас аралығындағы тізгіншілер көлігін соғып алып жатады екен. Ал 60-тан асқан немесе 20-ға жетпегендердікі олардан әлдеқайда аз. 51 және 63 жол апаты.
Иә, мұның барлығы қағазға түскен сандар. Олардан бөлек жүргізушілердің өзара бітімімен шешілетін ұсақ соқтығыстар да бар ғой. Сондай жағдайлардың да кейде адам денсаулығына зардабы тиіп жатады.