«Бірі – мас, екіншісі – есірткі шегіп алған». ШҚО-да қоғамдық көлікпен жүру қорқынышқа айналды
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері мас күйінде рульге отырған қоғамдық көліктің екі жүргізушісін жұмыстан шеттетті. Жүргізушілердің бірі есірткі шегіп алған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасын қорытындылады. Бес күнге созылған шара барысында полиция қызметкерлері неше түрлі өрескел заң бұзушылықтарды анықтаған екен.
Сонымен, жылдамдықты шектен тыс арттырған 485 жүргізуші анықталды. 175 жүргізуші жаяу жүргіншілерге тиісті жерде жол бермей қойған. 83 жүргізуші бағдаршамға бағынбаған. Сондай-ақ 743 жүргізуші көлік жүргізіп келе жатып, телефон пайдаланған. Тағы 39 азамат жүргізуші құқынан әлдеқашан айрылған болып шықты. 46 жүргізуші авариялық жағдай жасағаны үшін, 29 жүргізуші қарама-қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар мас күйінде көлік тізгіндеген 107 жүргізуші ұсталды. Оның ішінде қоғамдық көліктің екі жүргізушісі бар. Біріншісі – өскемендік. 48 жастағы автобус жүргізушісі ішімдікке мас болған. Ал 36 жастағы семейлік жүргізушінің есірткі тұтынғаны белгілі болды. Қалың тұрғынның өмірін қатерге тіккен қос жүргізушімен қатар, автопарктердің лауазымды тұлғалары да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жедел алдын алу шарасы барысында мыңнан астам жаяу жүргіншілер жауапқа тартылды. Жалпы алғанда, бес күн ішінде Шығыс Қазақстан облысының аумағында жол қозғалысы ережесін бұзудың 5,7 мыңнан астам фактісі анықталды.