2026 жылдан бастап онкологиялық ауруларға скрининг тегін болады
Келесі жылдың қаңтарынан бастап еліміздің барлық тұрғындары онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтен тегін өте алады. Енді бұл қызметтерді алу үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру статусына ие болу талап етілмейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл өзгеріс онкоскринингтер мен бірқатар диагностикалық тексерулердің міндетті әлеуметтік сақтандыру пакетінен жалпыға бірдей тегін медициналық көмектің пакетіне ауыстырылуына байланысты енгізіліп отыр. Яғни, әрбір азамат — сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан — қажетті тексерулерден өте алады.
Тегін көрсетілетін онкоскрининг түрлері:
жатыр мойны обыры;
сүт безі обыры;
тоқ және тік ішек обыры.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай қадам онкологиялық ауруларды ерте анықтау мүмкіндігін арттырып, халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды шешім болып отыр. Себебі скринингтің негізгі мақсаты — ауруды асқындырмай тұрып, оның алғашқы белгілерін табу, ал ерте анықталған обырды емдеу әлдеқайда тиімді әрі нәтижелі.
Онколог мамандар азаматтарды жоспарлы тексерулерден бас тартпай, денсаулыққа мұқият қарауға шақырады. Олардың сөзінше, скрининг алдын ала өзгерістерді, сондай-ақ қатерлі ісіктің бастапқы кезеңін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде емнің сәтті өтуіне, науқастың өмір сапасын жақсартуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға ықпал етеді.
2026 жылдан бастап енгізілетін жаңа тәртіп онкологиялық аурулардың алдын алу саласындағы қолжетімділікті кеңейтіп, халықтың денсаулық сақтау жүйесіне сенімін күшейтуге бағытталған.