Өскеменде қоқыс полигонын ашуға екі аумақ ұсынылып отыр
Өскеменнің 1957 жылдан бергі қоқыс полигоны аузы-мұрынынан шығып толды. Ендігісі қай жерде болады? Шенеуніктер осы мәселеге бас қатыруда. Жуықта қаланы 2050 жылға дейін дамыту стратегиясы жөнінде жиын да өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұрын, нақты айтсақ 2013 жылдың 31 қазанындағы қала әкімдігінің қаулысымен полигон мен қоқысты қайта өңдейтін зауыт Самсонов ауылының маңында салынуы керек болған. Алайда ол тұрғындардың қарсылығымен тоқтатылып еді.
Одан кейін де зауыт салуға байланысты «Хайюань – қаржы Қазақстан» (2015 жыл), «ЯньХэ» (2016 жыл) сынды бірлестіктермен қалалық әкімдік арасында жасалған келісімдер де қағаз жүзінде қалды.
Иә, ендігі жерде іске кіріспей болмайды. Қайткен күнде де қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны керек-ақ. Қай жерден ашылады ол?
Әзірге бізге белгісі – полигонға екі жер ұсынылып отырғаны. Оны қала әкімінің орынбасары Тамара Рахимжанова айтқан.
– Қасым Қайсенов кенті маңы немесе қала шетіндегі Примыкания көшесінің аумағы, – деді ол.