KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 2 м/с, В
529.99 546.63 5.21

Мақаншыға мектеп түлектері "Махаббат" аллеясын ашып берді

25.07.2019, 09:46 137

Мақаншы – өңірдегі 27 ауылдық округтің ішіндегі Үржардан кейінгі ірі елді мекен. Кейінгі жылдары округтің экономикасы ілгері басып, он үш мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың тұрмысы оңалған.

Елді мекендегі көпбалалы аналарға көпшілік болып көмек көрсетіліп жатыр.

– Біз осы уақытқа дейін тоғыз көпбалалы отбасыға пәтер кілтін табыс еттік. Жыл аяғына дейін әлі осындай жеті отбасыға баспана сыйламақпыз. Сондай-ақ былтыр «Ақбұлақ» бағдарламасын қолға алғанбыз, соны биыл бітірсек деп отырмыз. Мақаншының суы тұщы, әр үйдің құдығы бар. Дегенмен тұрғындарды сапалы сумен қамту – мақсатымыз, – дейді ауыл әкімі Советхан Қалиев.

Округ үшін өткен жыл табысты болды. Елді мекенде 320 орындық мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Сондай-ақ 60 орындық «Кәусар» балабақшасы ашылды.

Ауылдық округ тоғыз жолдың торабына орналасқан. Ауылдың ортасынан өтетін күре жолмен көрші мемлекетпен сауда көрігін қыздырған жүк көліктері жиі өтеді. Сонымен қатар Алакөлге баратын жолмен қаншама туристер ағылуда. Осыған орай, мақаншылықтар өз аула-көшелерін таза ұстауға тырысады.

Округтің 62 мың гектар аумағы бар. Оған 103 шаруа қожалығы дән сеуіп, жеміс-жидек өсіреді. Қыстық мал азығын жинайды.

Қожалықтар малды асылдандыруға ерекше назар аудара бастады. Олардың ішінде «Сағади» шаруашылығы ет-сүт бағытында мол табысқа жетіп жүр. Ауылда сүт қабылдайтын мекеме ашылған, қазір толық қуатында істеп тұр. Қожалықтарда, әсіресе симменталь тұқымды ірі қара жыл сайын көбейіп келеді.

Ауылда атақты Әсет Найманбайұлының музейі бар. Өнер қайраткеріне арналған еліміздегі жалғыз мұражайды көруге адам көп келеді.

Мақаншыға сонау 1999 жылы оқу бітірген мектеп түлектерінің 20 жылдық кездесуіне тұспа-тұс барыппыз.

Орталық мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті. Өз түлектерінің алдында сөз сөйлеген С.Сейфуллин, Ә. Найманбайұлы және Мақаншы орта мектептерінің ұстаздары сол кездегі оқушыларының талап-талғамдарын еске алды. Арасында жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты.

Бұдан кейін мектеп түлектері қатымханада өмірден өткен ұстаздары мен сыныптастарына арнап ас берді.

Ертесінде ауылдағы Жеңіс паркінде 1999 жылы мектеп бітіргендердің күшімен және қаржысымен салынған көркем де әдемі «Махаббат аллеясы» ашылды. Бұл салтанатқа тұрғындар көп жиналды. Осыдан кейін спорт ойындарына кезек беріліп, күрес, шағын футбол, арқан тарту, тоғызқұмалақтан жарыстар өтті.

Мектеп түлектерінің жұмыла істеген өнегелі істеріне риза бола отырып, қадірменді қарындастарымыз – Әсем Смағұловаға және Мақаншы орта мектебінің түлегі, ауыл мақтанышына айналған Эльмира Рамазановаға алғыс айтқымыз келеді.

Бейсенғазы Ұлықбек

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу