«Altay Athletics» атақты «Nike» компаниясымен әріптестік орнатты
«Altay Athletics» клубы атақты «Nike» компаниясымен әріптестік байланыс орнатты. Бұдан былай шығысқазақстандық клубтың атлеттері америкалық брэндтің спорттық киімдерін кимек, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Өз саласының үздігі саналатын «Nike» компаниясымен әріптестік орнату – құрылғанынан екі жыл да болмаған біздің клуб үшін зор мәртебе, айтулы жеңіс. Аталмыш жаңалық «Altay Athletics» брэндінің әлемдік аренада танылуына да септігін тигізері сөзсіз. Қазіргі уақытта «Altay Athletics» ТМД елдері арасында осындай атақты әріптесі бар бірден-бір жеңіл атлетика клубы саналады, – дейді клубтың бас менеджері Гвидо Тоньони.
Шығысқазақстандық клубтың америкалық алпауыт компаниямен әріптестік орнатуына «Altay Athletics» саңлақтарының спорттық жетістіктері түрткі болғаны да ақиқат. Мұны клуб басшылығы да айтып отыр.
Айта кетейік, «Nike, Inc.» компаниясының негізін 1964 жылы АҚШ-тың Орегон университетіндегі жеңіл атлетика жаттықтырушысы Билл Боуерман мен оның бұрынғы студенті Фил Найт қалаған екен. Бүгінде компания «Барселона», «ПСЖ», «Манчестер Сити», «Атлетико Мадрид», «Интер» «Голден Стэйт Уорриорз» сияқты атақты клубтармен әріптестік орнатқан.