Азия чемпионаты. Келесі қарсыласымыз – Вьетнам мен Қытайлық Тайбэйдің бірі
Бұл күндері Вьетнам астанасы Ханойда өтіп жатқан волейболдан жастар арасындағы Азия чемпионатының екінші топтық кезеңі аяқталуға жақын, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Алғашқы кезеңнен іркілмей өткен отандастарымыз бұл жолы өз тобында бар болғаны үшінші орыннан көрінді. Алдына Тайланд пен Солтүстік Корея командаларын жіберіп қойған бапкер Азамат Есімов шәкірттері енді жарыстың ширек финалында Қытайлық Тайбэй не Вьетнам волейболшыларымен шеберлік байқаспақ.
Еске салайық, чемпионаттың алғашқы топтық кезеңінде өз тобында үш кездесу өткізген отандастарымыз оның үшеуінде де жеңіске жетіп, келесі кезеңге бірінші орынмен шыққан болатын. Алайда келесі кезеңде қазақстандық волейболшылар алдымен Тайландтан (0:3, партиялардағы нәтиже 17:25, 20:25, 22:25), ал одан кейін Солтүстік Кореядан (1:3: 17:25, 26:24, 24:26, 22:25) ұтылып, өз тобында үшінші орынды місе тұтты.
Айта кетейік, құрлықтық додада ел құрамасы сапында өскемендік «Алтай» волейбол клубының үш ойыншысы өнер көрсетуде. Олар: либеро Мадина Бекет, шабуылшы Кристина Белова мен байланыстырушы Ботагөз Сәрсенбаева (команда капитаны).