ШҚО құрылысшылары Арыстағы 500-ге жуық ғимаратты жөндеп беретін болды
Шығыс Қазақстан облысы Арыс қаласындағы жарылыстан қираған 500-ге тарта тұрғын үй мен түрлі ғимараттарды қалпына келтіретін болады. Мұны «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов айтты.
Оның хабарлауынша, Арыстағы апаттан бүлінген ғимараттарды жөндеу жұмыстарына барлық облыс пен ірі қалалар атсалысуда.
– Үкімет Арысты қалпына келтіру жұмыстарына барлық өңір қатысуы керек екенін мәлімдеп, қаланы шартты 17 секторға бөлген болатын. Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі іргелі аймақтардың бірі болғандықтан, бізге ең ауқымды сектордың бірі тиді. Онда 500-ге жуық тұрғын үй мен өзге де әлеуметтік нысандар бар. Қазір облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшылығы Түркістан облысында жүр. Сондай-ақ оқиға орнына облысымыздан барған арнайы топ мамандары сараптама жүргізіп, атқарылатын жұмыстардың көлемін анықтауда.