KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
530.12 546.08 5.17

Журналистердің өз «Чемпиондар Лигасы» бар. Бердіқұлов турнирі Шығыста өте ме?

26.06.2019, 08:03 170

 

Футболист журналистердің өзінің «Чемпиондар Лигасы» бар. Сол турнирде «Хабар» арнасының командасы қашанда фаворит саналған. Олардан бір рет «таланғандардың» құлағы салпиып, мысы басылып жүретін. Ал әлі де болса бетпе-бет келіп көрмегендер іш тартатын. Біз дағы жолықпап едік. Алайда «әгәрәки жасыл алаңда түйісе қалсақ, жан алысып, жан берісерміз!» дегенбіз.

Аң стилі

Жеребе-жеңгей арманда жүрген біздердей «ынтығын» осы жолы «жұптады» да жіберді.

– Былтырғы жарыстың былық-шылығы есте ғой, жігіттер! Мақтаған командалардың барлығы сырттан ойыншы алып келген. Шымкенттіктер «фотограф», «оператор», «газет беттеушілер» деп таныстырып, бізге қарсы «Ордабасының» экс-құрамын салмап па еді?! Биыл да сондай құйтұрқылық болса амал жоқ, ал құдай қолдап, тексеру таза өтсе, саспаңдар!, – дедік ойын алдында өз-өзімізді қайрап, дөкей ұжымға қарсы «гитлерский» жоспар құрып жатып.

Содан төрешінің ысқырығы естілер-естілместе жоспарымыздың «жемісін» жесек деп, теңбіл допқа жемтігін көрген жыртқыштай ұмтылдық. «Хабарлықтардың» аяғына доп тиді дегенше, біздің ойыншылар оны тартып алды дей беріңіз! «Хабарлықтар» қақпаға қарай қақырата тепті дегенше, біздікілер «өлім соққысын өз кеудесіне алды» – жауып үлгерді дей беріңіз! Таудан түскен тағыдай осынау тарпаң ойынымыз қарсыластардың тастай берік тактикасы мен шып-шырғасы шықпайтын комбинациясын быж-тыж қылды. «Хабардың» капитаны Нұрсұлтан Құрман «Қоялық, мен бұл командамен ойнамаймын!» деп, сілтеген қолын сылқ еткізіп тастай берген сәтте қақпасының торы бүлк етті. Жеңіс голының авторы – «Шығыс Ақпараттың» капитаны Серік Әбілхан еді.

Қазір әлеуметтік желіде атақты болып кеткен «Аң стилі» деген жоспарымыз осылай туындаған болатын.

«Жолбикелер» жолдан қосылған жоқ

Биыл Сейдахмет Бердіқұлов атындағы шағын футбол турнирі Жетісудың жерінде Талдықорған шәрінде өтті. Әйгілі спорт журналисінің жерлестері жарыстың барынша әділ өтуіне күш салды.

– Әр қатысушының қызметтік куәлігі, еңбек кітапшасы болуы керек, зейнетақы қорының соңғы алты айы тексеріледі. Сонда да кейбір ойыншыларға қатысты күмән сейілмесе, тілші болса мақала жаздырып, фотограф, оператор болса қолына құрал-жабдықтарын беріп сынаймыз. Сейдахмет Бердіқұловтың аруағынан ұялайық! – деді жарысты ұйымдастырған Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Қанапиян.

Мұндай тексеруден кейін көңілде қайдан дық қалсын?! Тілшілер жат пиғылсыз таза бәсекеге түсті. Ойыншылар ойдан-қырдан жиылған өткен жылғыдай емес, аяқтан шалулар мен апалас-төпелес, боқтап-сілеу болған жоқ.

Сегіз ұжым екі топқа бөлініп, бөлек-бөлек алаңда шайқасты. Біз бірінші топтан алғашқы орынмен шықтық. Плей-офф кезеңінде арғы төрттіктің үздігі – алматылық «Апорт» командасымен тең ойнадық. Есеп: 1-1. Алайда аталмыш ұжымнан «лотореядан» – яғни пенальтилер сериясынан ұтылып, жүлдеден қағылдық. Бірақ команданың капитаны турнирдің үздік ойыншысы атанса, қырағы қақпашы Әділхан Есімханға спорт журналисі Есей Жеңісұлы өзінің жеке жүлдесін тарту етті.

Топтан екінші орынмен шықса да, қалған кездесулерінде өзге ұжымдарды алаңның бұрыш-бұрышына тентіреткен «Хабар» арнасы турнирдің жеңімпазы болды. Астаналық арнаның мықтылығына ешкім шәк келтірмеді, Десе де, жетісулық жанкүйерлердің қолдауы һәм қарсыластардың берген бағасынан кейін Шығыстан барған команданың алапасы асып тұрған секілді көрінді. Жарысқа қатысқан Есей Жеңісұлы, Қанат Тілеухан, Дәурен Дариябек сынды журналистердің Фейсбук желісінде қалдырған жазбасы мен жергілікті тілшілердің қолпаштап айтқан сөздері команда ойыншыларына жеңілсе де жеңгендей көтеріңкі көңіл сыйлады.

– Орталық қалалар емес, бұл турнирдің өңірлерде болғанының артықшылығы көп. Қандай қашық болса да, футбол қызығын іздеп журналистердің өзі келеді. «Жолбикелер» жолдан қосылып кетпейді. Бұдан бұрын батыстағы Оралда өткен турнирдің есте сақталғаны да сондықтан. Ендігі эстафета Шығысқа келген секілді, – деп Алтай еліне сәлем жолдады журналистер қауымы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу