Өскемен парктеріндегі батуттардың бірінен кемшілік анықталды

Қарағандыдағы қайғылы жағдайдан кейін жер-жердегі саябақтартың аттракциондары тексеріліп жатыр. Төтенше жағдай қызметкерлері Өскеменде де рейд жүргізді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– «Металлургтер саябағында» төрт батут бар. Олардың санитралық-эпидемологиялық тазалығын, қауіпсіздігін және құжаттарын тексеру барысында біреуінен кемшілік таптық. Ол батут жерге мықтап шегеленбеген екен. Жел көтеріп кетуі мүмкін, – деді Төтенше жағдай департаментінің баспасөз хатшысы Анастасия Скляр.
Құтқарушылар мұндай батуттардың қауіпсіздігімен жеке ешкім айналыспайтындықтан ата-аналарға сақ болу керегін ескертеді.
– Аттракциондардың қауіпсіздігін тексеру ешкімнің құзырында емес. Жуықта осыған байланысты Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер осы жағдайды реттеп, аттракциондарды бір мекеменің қарауына беру керегін ұсынды, – деді А.Скляр.
Еске сала кетейік, Қарағандыда баттутың аударылуы салдарынан бір бала қаза тауып, екі бала емханаға жатқызылған еді.