Сәлемдеме тасымалдайтын жолсеріктер жұмыстан босатылады - «Жолаушылар тасымалы» АҚ
«Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері сәлемдемелер мен бандерольдерді тасымалдайтын пойыз жолсеріктерін жұмыстан шығаратынын айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Компания өкілдері тұрғындар шағын қораптарды және басқа да сәлемдемелерді темір жолмен жөнелту үшін жолсеріктерге емес, «Қазпошта» жүгінуі керек дейді.
– Мұндай сәлемдемелерді жолсеріктер арқылы жіберу заңсыз болып есептеледі және компания ол жүкке жауапты болмайды. Сонымен қатар ресімделмеген жүкті қабылдаған жолсерік әкімшілік жауапкершілікке тартылып қана қоймай, жұмыстан босатылады, – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ.
Компанияның айтуынша, Қазақстанда жүкті тегін алып өту нормалары белгіленген. Мәселен «Тұлпар-Тальго» пойыздарымен тегін алып жүретін жүктің салмағы 25 килограммнан артық болмауы керек, ал жүк көлемі 150 сантиметрден аспауы тиіс. Қалған поездар үшін норматив сәл жоғары – 35 килограммға дейін, көлемі – 200 сантиметр болады.
Енді жолсеріктердің заңсыз әрекеттеріне куә болған жағдайда, айғақ ретінде фото немесе видеоға түсіріп, бас директор блогына жіберуге болады.