Ойын бар көрермен жоқ. Өскеменде ұлттық ат спорты жарыстары өтіп жатыр
Өскеменнің ипподромында ұлттық ат спорты түрлерінен облыстың ашық біріншілігі өтуде. Сайысқа бірінші болып көкпаршылар түсті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жарыста аймақтың түкпір-түкпірінен келген барлығы алты команда бақ сынауда. Рас, биылғы чемпионатқа қатысушылар саны саусақпен санарлықтай ғана. Облыс орталығында осындай тамаша спорттық шараның болатынынан халық та бейхабар сияқты. Мұны атшабардың трибуналарына жиналған жанкүйерлердің аздығынан аңғардық. Әйтпесе, көкпар, бәйге, аударыспақ десе, делебесі қозатын халқымыздың мұндай додаға бейжай қарауы мүмкін емес қой. Жарыстың бас төрешісі Қанат Биқатов доданың болатыны туралы алдын ала ескертілгенін, алайда аудандардың көбі белгілі бір себептерге байланысты Өскеменге келе алмағанын айтып өкініш білдірді.
– Төл спортымыздың жанашыры болғандықтан, әрине, мұндай жағдайды көріп налисың. Алайда, қолдан келер шара бар ма? Жалпы, соңғы кезде ұлттық спортымыз тасада қалып бара жатқандай көрінеді бізге. Олай ойлауымызға бірнеше себеп бар. Оның бастысы деп облыс тұрғындарының көзайымына айналған халықтық ойындардың жылда өткізілмеуін айтар едім. Естеріңізде болса, бұрын облыс әкімінің жүлдесі үшін жарыс жылда ұйымдастырылатын, ал қазір екі жылда бір рет өтетін болды. Оның үстіне облыста бұрындары үзбей өткізілетін аймақтық іріктеу сындары бүгінде жоқ. Сонда аудандардағы ат баптап күн көріп отырған азаматтар бір жыл бойы не істеуі керек деген сұрақ туындайды. Мұның бәрі түптеп келгенде ұлттық спортқа деген қызығушылықтың кемуіне әкеп соғады. Мүдде жоғалады. Сондықтан төл спортымыз төрге оздырамыз десек, осы мәселені қайта күн тәртібіне шығарғанымыз жөн, – деп өз пікірін білдірді биылғы жарысқа Көкпекті ауданының көкпаршыларын бастап әкелген тәжірибелі маман.
Аудандар демекші, бұл жолғы бәсекеге көкпектілік спортшылардан бөлек, Абай, Глубокое, Өскемен мен Ұланның командалары келіпті. Тағы бір құрама Ұлан ауданының Сағыр ауылы атынан қатысуда. Бірнеше күнге созалатын дода қорытындысы бойынша алдағы республикалық жарыста облыс намысын қорғайтын команда жасақталмақ.