Азия чемпионаты: «Алтай» бүгін Қытайдың командасымен кездеседі
Бүгін клубтық Азия чемпионатында өнер көрсетіп жатқан өскемендік «Алтай» топтық кезеңдегі соңғы ойынын өткізеді. Бұл жолы жерлестерімізге жарыс иелері, қытайлық «Тяньцзинь Бохай Банк» қарсылас атанбақ.
Әзірге қос ұжымның ұпайы түгел, екеуі де алғашқы екі ойында сенімді жеңіске жетті. Енді қарсыластар бір-бірімен кездесіп, «А» тобындағы бірінші орынды сарапқа салады. Айта кетейік, құрлықтық дода аясындағы алғашқы екі кездесуінде алтайлықтар алдымен «ТРЕ» (Қытайлық Тайбэй), одан кейін «Hong Kong» (Гонконг) командаларын 3:0 есебімен тізе бүктірген. Өз кезегінде Қытай чемпионы да аталмыш қарсыластарды дәл сондай есеппен ұтқан. Осылайша, екі турдан кейін алты ұпайдан жинаған «Алтай» мен «Тяньцзинь Бохай Банк» «А» квартетінің көшін бастады.
Осы ретте букмекерлер бүгін кешкі сағат 17:00-де басталатын ойында қытайлықтар жеңіске жететініне көбірек сеніп отырғанын айта кеткен орынды.
Естеріңізде болса, жерлестеріміз бен қытайлық команданың жолы 2017 жылы Өскеменде өткен Азия чемпионатында да түйіскен-ді. Сол жолы қарсыластар жарыстың қола жүлдесі үшін таласқа түсіп, төрт кезеңге созылған кездесуде 3:1 (25:20, 22:25, 22:25, 20:25) есебімен Тяньцзинь қаласының волейболшылары басым түскен.
Тағы бір айта кетер жайт, бастапқыда «А» тобында өнер көрсетуі тиіс болатын Иранның «Сармайе Банк» командасы белгісіз себептерге байланысты жарысқа келмей қалыпты. Сол себепті, «Алтай» 1 мамыр күні (жерлестеріміз дәл сол күні Иран чемпионымен ойнауы керек болатын) кездесу өткізбейді.