Азия чемпионаты: «Алтай» қытайлық командадан жеңіліп қалды
Бүгін «Алтай» волейболшылары Азия чемпионатының топтық кезеңі аясындағы соңғы ойынын өткізді. «А» тобында өнер көрсеткен жерлестеріміз алғашқы екі кездесуде жеңіске жетсе, бұл жолы қарсыласына жол беруге мәжбүр болды.
Аталмыш кездесуде алтайлықтар «Тяньцзинь Бохай Банк» волейболшыларымен шеберлік байқасты. Жарыс иелері бұл матчты 3:0 есебімен өз пайдасына аяқтады. Алғашқы кезеңде өскемендік командадан 25:21 есебімен басым түскен қытайлықтар қалған екі партияда да (25:18, 25:22) ойын тізгінін өз қолдарында ұстап, сенімді жеңіске жетті. Бұл ойыннан кейін тяньцзиньдік команда тоғыз ұпай жинап, плей-офф кезеңіне «А» тобынан бірінші орынмен шықты.
Ал қоржынында алты ұпайы бар «Алтай» бұл жолы екінші орынды қанағат тұтты.
Командалардың плей-офф кезеңіндегі қарсыластары алдағы уақытта белгілі болады.
Естеріңізде болса, Қазақстан мен Қытай чемпиондары 2017 жылғы Азия біріншілігінде де кездесіп, ол матчта да тяньцзиньдік волейболшылардың асығы алшысынан түскен еді, 3:1 (25:20, 22:25, 22:25, 20:25).