ШҚО-да 15 жастағы Мөлдір Батырхан жоғалып кетті
ШҚО-да кәмлет жасқа толмаған қыз бала жоғалып кетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
15 жастағы Мөлдір Батырхан 9 наурыз күні кешке Глубокое ауданы, Быструха ауылындағы үйінен шығып кеткен. Сол беті ұшты күйлі жоқ. Жасөспірімнің жақындары Мөлдірді қайдан іздейтіндерін білмей, сан соғып отыр.
– Сіңілім құрбыларымен кездесетінін айтып, ата-анамнан сұранып шыққан. Содан кейін оны ешкім көрмеген екен. Полицияға бір тәуліктен кейін хабар бердік, – дейді Мөлдірдің әпкесі Дана Батырхан.
Әпкесінің айтуына қарағанда, бұл Мөлдірдің екінші рет үйден кетуі. Өткен жазда да ата-анасымен болған кикілжіңнен кейін үйден шығып кеткен. Ол кезде көп ұзамай байланысқа шығып, қайда екенін айтқан. Алайда бұл жолы еш нәтиже жоқ.
– Өткен жолы «уайымдамаңыз, мен осындай-осындай құрбыларыммен біргемін» деп жазып, олардың байланыс нөмірлерін берген еді. Бұл жолы ешқандай хабар жоқ. Қазір біреу қоңырау шалып қалар, немесе жазар деп әлеуметтік желілерге телміріп отырмын. Барлық достарына, сынаптастарына хабарластым, нәтиже жоқ, – дейді Дана.
Мөлдір 9 наурыз күні сұр жейде, болон кеудеше, көк джинсы, аяқтарында ақ кроссовка киіп шыққан.
Жасөспірімнің етжақындары көрген-білген жандар болса, 8 705 66 66 721 нөміріне қоңырау шалуды сұрайды.