ШҚО-да көпбалалы жанұяларға кепілдіксіз несие берілетін болды
Ауылды жерлерде тұратын көпбалалы ата-аналар үшін өңірде арнайы «Асыл ана» бағдарламасы әзірленді. Оның негізінде өздерінің жеке кәсіптерін бастауға ниетті жанұяларға кепілсіз, төрт пайыздық үстемемен несие берілетін болады.
Бұл жөнінде «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов партияның XVIII съезінде Елбасы қойған міндеттерді түсіндіруге арналған облыстық актив мәжілісінде мәлім етті.
Айта кетсек, облыс партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында аз қамтылған және көпбалалы жанұяларды кешенді қолдауға арналған жеке бағдарлама әзірлеген болатын. Осыған орай өңірде алдағы уақытта ерекше күтімдегі және көпбалалы отбасындағы 3218 бала балабақша тегін барады. Ол үшін облыстық бюджеттен 266,4 млн. теңге бөлініп отыр. Бұдан бөлек, «Жаппай оқыту» қорынан 28700 жеткіншекке мектеп формасын алу үшін 500 млн. теңге жұмсалмақ. Ал студенттер колледждерде тегін білім алады, қосымша шәкіртақымен және ыстық тамақпен қамтылады.
– Елбасы әлеуметтік саясат тең дәрежеде болу керектігін, яғни, бұқара арасында жалқаулық сияқты жат әдетті туғызбауы тиіс екендігін баса айтты. Мемлекеттің басты мақсаты – азаматтарды еңбекке баулу. Осыған орай, «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында басымдық өз ісін ашуға ниетті көпбалалы отбасыларға беріледі. Сонымен қатар, «Асыл ана» аймақтық жобасы да ауылдағы жанұялар үшін үлкен қолдау болмақ. Бұл мақсатқа 250 млн. теңге қарастырылды. Жартысы жергілікті бюджеттен, қалғаны «Атамекен» ҰКП арқылы бағытталады, – деп атап өтті Даниал Ахметов.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы бекіткен, халыққа әлеуметтік қолдауды арттыру және тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған ауқымды шаралар бойынша аймақта сұранысқа ие мамандықтарға қысқа мерзімді оқытулар ұйымдастырылады. Сонымен бірге көп және ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін әлеуметтік жұмыс орындары, оның ішінде үйде қызмет ету мүмкіндіктері де қарастырылуда.