KZ
Өскемен
+5°
облачно с прояснениями Штиль
481.84 531.33 5.07

ШҚО-да кәсіп ашқысы келген көпбалалы отбасыларға шағын несие берілетін болды

15.02.2019, 11:02 198

Биылдан бастап өңіріміздегі көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар қолға алынатын болды. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов көпбалалы аналармен өткен кездесу барысында мәлім етті.


Көпбалалы аналардың аймақ басшысына қойған сауалдары негізінен баспана мәселесі, медициналық көмек, жұмыспен қамту, бала күтіміне байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақыны өсіру, қосымша білім гранттарын бөлу жайында болды.

Облыс әкімі кездесуге қатысқан барлық көпбалалы аналардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, ұсыныс-тілектері ескерусіз қалмайтындығын айтты.


Бұдан былай көпбалалы отбасылардың мүшелеріне сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады. Осыған орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен «Ана мен бала денсаулығы» акциясы басталып та кетті. Аталмыш шараның аясында көпбалалы отбасылар тегін медициналық көмекке жүгіне алады. Соңғы үш жылда 22 миллиард теңгеге ең озық медициналық қондырғылар орнатылды. Сондықтан ана мен бала денсаулығына айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Өскемен мен Семей қалаларындағы «Ана мен бала орталықтары» және Алтай, Аягөз қалаларындағы перзентханалар әлемдік стандарттарға сай.


Тағы бір қуанышты жаңалық - аталған санаттағы аналар балабақшаның ай сайынғы төлемінен босатылатын болады. Ол үшін қаражат бюджеттен бөлінеді. Бұл біздің Елбасымыздың тапсырмасы. Көпбалалы отбасындағы әрбір балаға 22 мың теңгеден мектеп формасын алу үшін облыс бюджетінен 500 миллион теңге қосымша бөлінеді.


Ал өзінің жеке кәсібін ашуға ниет білдіретін көпбалалы отбасылардың шағын несие алуға мүмкіндігі мол. Ол үшін облыс бюджетінен 337 миллион теңге бөлінді. Оның бір ерекшелігі – несиенің 85 пайызы мемлекеттің кепілдігімен беріледі. Мәселен, көпбалалы отбасының отағасы немесе ересек баласы жеке кәсіппен айналысамын десе, осы мүмкіндікті пайдалана алады. Егер келесі жылы осы қаражат жақсы игерілетін болса, онда тағы көбейтіледі. Сонымен қатар қайтарымсыз негізде гранттар да беріледі. Бұл мақсатқа 68 миллион теңге бөлінген.


-Көпбалалы аналарды қолдау уақытша қайырымдылық шарасы ретінде болмауы керек. Мұндай шағын несие арқылы сіздерге бір реттік материалдық көмек қана емес, отбасылық кәсібіңізді ашуға мүмкіндік береміз,-деп атап өтті Даниал Ахметов.


Білім саласына тоқталатын болсақ, жоғары оқу орындарының гранттарын бөлген кезде көпбалалы отбасылардың балаларына басымдық берілетін болады. Кездесу барысында комммуналдық қызмет төлемдеріне жеңілдік жасау, балаларына қосымша білім беруді тегін ұйымдастыру, жәрдемақы мөлшерін көтеру, оқушылардың қоғамдық көліктерде жол жүру бағасы сияқты түйткілді мәселелер де назардан тыс қалмады.


Кепілдік берілген әлеуметтік қамсыздандыру тізіміне көпбалалы отбасылардың колледжге түскен баласы тегін білім алып қоймай, сонымен қатар стипендия алып, тегін тамақпен қамтылатын тармақ енгізілуі мүмкін.


Облыс әкімі айтып өткендей, кездесуде сөз болған маңызды пікірлер мен жобалар негізінде бір айдың ішінде ұсыныстар әзірленіп, жүйелі шешім қабылдауы үшін Үкімет қарауына жіберіледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив