ШҚО-да қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі қандай?
Шартты сурет: mcdn.tvzvezda.ru
ШҚО-дағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 90%-дан асады.
Аймақтағы жолдардың 91%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Жыл сайын жол сапасын жақсартуға қомақты қаражат бөлініп отырады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Биыл бұл мақсатқа 23 млрд теңге бағытталып, 245 шақырым жолға әртүрлі жөндеу жүргізіліпті.
Жетекші инфрақұрылымдық жобалардың ішінде Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы бар. Бұл елдегі ең ұзын көпір болмақ. Жол мәселесі паромның жұмысына тәуелді болған үш ауданның тұрғындары үшін өткелдің салынуы өте өзекті. Қазіргі уақытта мұнда құрылыс жұмыстары кестеден озып жүргізіліп жатқаны белгілі. Көпірді пайдалануға беру 2024 жылға жоспарланған.
Сондай-ақ «Өскемен – Алтай – Рахман қайнары» тас жолының учаскесінде бірнеше жыл тоқтап тұрған Осинов асуынан айналып өтетін жолдың құрылысы қайта басталады. Бұл жобаның аяқталуын аймақ жұрты асыға күтіп жүр. Төте жол ашылғанда жүру уақыты едәуір қысқарып, қауіпті учаскелерді айналып өтуге мүмкіндік туады. Жобаға қатысты түзетулер жүргізілді, енді келер жылы жұмыстар қайта қолға алынбақ.
Өңірдегі көлік инфрақұрылымы саласындағы тағы бір жаңалық – Октябрь паромының жұмысын қалпына келтіру. Соның есебінен Өскеменнен Үлкен Нарын ауылына дейінгі қашықтық 70 шақырымға қысқарады.
Бұдан басқа тағы екі ауқымды жобаның есеп-қисабы жүргізіліп, қаралып жатыр. Біріншісі – Шемонайханы және осы қалаға кіреберістегі көпірді айналып өтетін Ресей шекарасына дейін жол салу. Үбе өзені арқылы өтетін өткел апатты жағдайда тұр, ал бұл облыстың транзиттік әлеуетін тежейді. Екінші жоба – «Өскемен – Тарханка – Топиха – Черемшанка – Риддер» тас жолының құрылысы. Ол облыс орталығынан Риддерге дейінгі қашықтықты 43 шақырымға қысқартады. Қазір бұл жолдың ұзақтығы – 105 шақырым.