KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями Штиль
498.34 519.72 4.85

Қазақстандағы туристік жарна туралы не білуіміз керек?

22.01.2023, 15:00 323 Мадина Амангелдіқызы

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда шетелдіктерінен алынатын bed tax туристік жарнасы енгізілді.

Мәдениет және спорт министрлігі қонақ үйлерге bed tax салығын салу механизмін түсіндірді, деп хабарлайды Altaynews.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Пандемиядан кейін нарықты қалпына келтіру мақсатында өткен жылы туристік жарна нөлдік мөлшерлемеде бекітілді. Ал биылдан бастап сала дамуының оң серпінін ескере отырып, жарна бойынша 5%-ға дейінгі мөлшерлеме қолданылады.

Осы норманы талқылау мақсатында елордалық қонақүйлер мен жауапты мемлекеттік органдардың, оның ішінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қаржы министрлігінің өкілдері арасында кездесу өтті.

«Бұл туризм саласын қаржыландырудың тағы бір көзі. Мемлекет басшылығы, қоғам, бизнес өкілдері біздің алдымызға қойған міндеттерді толық ақтау үшін тұрақты қаржыландыру қажет. Халықаралық практикада ол үшін «bed tax-ті» қолданады. Алысқа бармай, мұндай салым түрі көршілес Ресей мен Өзбекстанда да бар», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Айтуынша, bed tax арқылы бюджетке жыл сайын кемінде 2,5 млрд теңге түсуін болжауға болады. Жарнаны енгізу мәселесі 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада пысықталып, 2021 жылдың 30 сәуірінде салалық заңға енгізілген. Ал туристік жарнадан түскен қаражат туризмді әрі қарай дамытуға жұмсауға болады екен. Мысалы, жол салу, туристік жерлерде дәретханалар салу жалпы туристік инфрақұрылымға, жарнамалауға және т.с.с.

Ережелерді әзірлеу кезінде пайыздық мөлшерлеме қолданылатын елдер мен қалалардың халықаралық тәжірибесі ескерілген.

«Туристік жарна мөлшерлемелерін өңірдің әрбір мәслихаты шетелдіктердің келу динамикасына байланысты дербес белгілейді, яғни, бір облыстың аудандары мен қалаларында әртүрлі ставкалар қолданылуы мүмкін, бірақ кемінде 1%-ды, ал максималды мәні - 5%-дан аспау тиіс. Сондай-ақ, мөлшерлемелерді маусымдық жүктеме негізінде өзгертуге болады», - деп түсіндірді ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.

Бүгінгі таңда мөлшерлемелер еліміздің 31 қаласы мен аудандарында бекітілген екен. Астана және Алматы қалаларында 5% мөлшерінде бекітілген, ал кейбір өңірлерде бекіту әлі де жалғасып жатыр.

Дастан Рыспеков қонақ үйлердің туристерді жұмысшы мигранттардан қалай ажыратуға болатынын да айтып өтті.

«Заң бойынша, турист – ақылы қызметпен айналыспай, уақытша болатын елге сауықтыру, танымдық, кәсіптік-іскерлік, спорттық, діни және өзге де мақсаттарда баратын жеке тұлға. Мұнда қонақ үй мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек келісімдері негізінде ұзақ уақыт бойы қонақ үйде тұратындарды ескермеуге болады. Яғни, экспаттар, жұмысшы мигранттар bed tax есебіне алынбайды», - деді спикер.

Ал шетелдік туристер үшін бұл жарна бір шыны кофеден қымбат болмайды екен.

Ережелермен ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу