Риддердегі қазақ мектебін жөндеуге қаражат бөлінеді
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддердегі 508 бала білім алып жүрген «Шаңырақ» мектеп-гимназиясында болды.
Аймақ басшысы желідегі резонансқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Altaynews.kz.
– Әлеуметтік желідегі бұрын спорт залы орналасқан қосымша ғимараттың фотосуреттері негізсіз резонанс тудырды. Бұл ғимарат оқу үрдісінде қолданылмайды. Алдағы уақытта ол толықтай бұзылады, бұзу және аумағын абаттандыру бойынша барлық тиісті құқықтық рәсімдер жүргізілген, – деп жазды Инстаграмдағы өзінің ресми парақшасында облыс әкімі.
«Шаңырақ» мектебінің екі ғимараты жақсы жағдайда, кабинеттер жылы, жыл сайын ағымдағы жөндеу жүргізіліп тұрады. Биыл спорт залындағы терезелерді ауыстыруға және оқу процесіне қажет IT техниканы сатып алуға 60 миллион теңге бөлінбек. Сондай-ақ қасбетті жөндеу жұмыстары қолға алынады.
– Мен балалармен, ата-аналармен және мұғалімдермен сөйлестім, ешқандай сұрақ туындаған жоқ. Жұмыс істемейтін қосымша ғимараттың бұзылатыны туралы мектеп әкімшілігі ата-аналарды оқу жылының басында хабардар еткен, – деп мәлімдеп отыр аймақ басшысы.
Сонымен қатар өткен жылдың қыркүйегінде Риддерде қазақ және орыс тілдерінде оқытатын 600 орындық жаңа мектеп ашылған. Облыс әкімінің айтуынша, ата-аналар балаларын сол мектепке де ауыстыра алады.
Мұнымен қоса, биыл Риддерде тағы бір мектептің құрылысы басталмақ.