Тарбағатайлық жас спортшы дүниежүзілік додада жеңіс тұғырынан көрінді
Егеменді еліміздің ертеңі жастардың қолында. Ал жастардың саламатты өмір салтын ұстануы, дені сау болуы біздің бүгініміз бен ертеңіміздің жарқын болуына кепілдік берері сөзсіз.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөз сөйлеп, бұқаралық спортты дамыту мен саламатты өмір салтын насихаттауға тоқталып, бірқатар маңызды тапсырмалар берген болатын, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бүгінде халық арасында бұқаралық спортқа ден қоюшылар мен әлемдік биіктерді бағындырған жастар қатары артып келеді. Оған Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылының он төрт жастағы тұрғыны Санжар Матасов дәлел. Санжар бүгінде өз ауылының ғана емес, еліміздің мақтанышына айналған. Altaynews сайтының тілшісі жас чемпионмен сұхбат құрып, алдағы жоспары туралы әңгіме өрбітті.
Шаршы алаңда топ жарып жүрген жеткіншек 2009 жылы Ақжар ауылында дүниеге келген. Қ.Билялов атындағы гимназияның 9-сынып оқушысы 7 жасынан бастап бокспен айналысыпты. Тынымсыз еңбектеніп, спортты жанына серік еткен жас спортшы Бразилияда өткен Дүниежүзілік жазғы гимназиадада жеңіс тұғырынан көрінді.
Санжар Елмұратұлы – кіші жасөспірімдер арасында облыс чемпионы, аймақтық Қазақстан чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері және кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы атанған.
Бразилияда еліміздің көк туын көкке көтерген спортшыларды Алматы халықаралық әуежайында Қазақстанның мектеп спорт федерациясы қарсы алса, Санжарды Тарбағатайда аудандық білім бөлімі мен өзі оқитын қасиетті білім ордасының басшылары аса құрметпен күтіп алыпты.
Қазіргі күні ол нақты қандай маман иесі болатынын шешпеген. Алайда спортты орта жолдан тастап кетпейтініне сенімді.
Тарбағатайлық жас спортшының басты мақсаты – кішкентай ауылдан да мықты спортшылар шығатынын тағы бір мәрте дәлелдеу. Бұл жолда Санжарға тек сәттілік тілейміз!
#republicdaykz #kzdayrepublic