ШҚО-да оқушылардың басым бөлігі спорт үйірмесіне тегін қатысады
ШҚО-да балалардың 65,3 пайызы спорттық үйірмелер мен секцияларға тегін қатысады.
Бұл туралы ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жандос Сайханов мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Өңірде барлығы 4 жастан 17 жасқа дейінгі 120 мыңнан астам бала бар. Олардың 65 пайыздан астамы спорт үйірмелері мен секцияларына тегін қатысады. 58 мыңнан астам оқушы жалпы білім беретін мектептер жанындағы спорт секцияларына барса, 17 мыңнан астамы спорт мектептеріндегі секцияларға қатысады, – дейді Жандос Сайханов.
Сондай-ақ басқарма басшысы биыл мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 900 миллионнан астам қаражат бөлінген.
Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде бұқаралық спортты дамытуға да баса назар аударған болатын.
– Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Мен бұл мәселе жөнінде Жолдауымда айттым. Мемлекет спорт инфрақұрылымын жетілдіруге көп көңіл бөледі. Елімізде 43 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде орналасқан. Бірақ қарапайым және қолжетімді нысандар әлі де аз, – деді Президент.
Оқи отырыңыз