2024 жылы кімдердің зейнетақысы мен жәрдемақысы өседі?
фото: sn.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы қалай өсетінін айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерін Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 7 пайызға, ынтымақты зейнетақыны - 9 пайызға, яғни инфляция деңгейінен екі пайызға жоғары көтеру көзделгені хабарланды.
"Бюджеттен жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (БЖЗҚ-дан төлемдерді есептемегенде) 2024 жылы 130 414 теңге (2023 жылы - 120 838 теңге) болады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жылдық кезең ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны жыл сайынғы кезең-кезеңмен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ең көбі 120 пайызға дейін арттыру жүзеге асырылып жатыр.
Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60-тан 65 пайызға дейін артады, бұл - 28 215 теңге, ең жоғары мөлшері - ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100-ден 105 пайызға дейін, бұл 45 578 теңге болады.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақыларды арттырудың кейбір мысалдары:
- 1-ші, 2-ші, 3-ші бала туғанда төленетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін өседі;
- бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 4 балалы отбасыларға 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 балалы отбасыларға 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін өседі;
- I топтағы мүгедектерге берілетін жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге, II топтағы мүгедектерге – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге, III топтағы мүгедектерге берілетін жәрдемақы 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін өседі.
Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігін жоғалту бойынша төлемдер 7 пайызға өседі. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша төленеді.