Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыратын жоба
фото: orleu-edu.kz
Сыбайлас жемқорлық қазіргі заманның лаңкестік, экологияның ластануы мен есірткі бизнесі қатарлы шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселердің бірі деп атасақ қателеспеспіз. Бұл құбылыстың салдары мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеп қана қоймай, қоғамда болашаққа деген сенімсіздік сезімін тудырып, білімнің маңыздылығын құнсыздандырады. Ал ол өз кезегінде, әсіресе жастар арасындағы депрессия мен суицидке, теріс миграцияға, мемлекет органдарының қандай болмасын шешіміне жағымсыз көзқарастың қалыптасуына алып келуі мүмкін.
Осы аталған жәйттарды ескере отырып, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте елімізде превентивті, яғни алдын алу шараларына көп көңіл бөліне бастағаны қуантарлық жәйт.
Осының дәлелі ретінде Ұлан ауданында “Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сананы қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізу” жобасының іске асырылуын атап өткен жөн.
Аудандық ішкі саясаттың тапсырысымен дүниеге келген бұл жоба аудан тұрғындарын, нақтырақ айтсақ, Қасым Қайсенов кенті, Таврия, Мамай батыр, Бозанбай ауылдарының халқын, әсіресе жас буын өкілдерін елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іске-асырылып жатқан іс-шаралар кешенімен таныстырып қана қоймай, сонымен қатар қоғам белсенділеріне қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қол ұшын созады. Ал мотивациялық кездесулер барысында аудандық білім ошақтарының тәлімгерлері өз бастамаларын қолдауға арналған түрлі бағдарлама мен жобалар легімен танысуға мүмкіндік алды.
Ұйымдастырушылардың пайымдауынша бұл жобаны іске асыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сананы қалыптастыруға септігін тигізіп қана қоймай, аудан халқы арасында мемлекет ісін басқаруға қатысу үрдістерін ұлғайтады деп күтілуде.