Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтілді
Фото: azh.kz
1 шілдеден бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне түзетулер заңды күшіне енді.
Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева айтып берді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Қазқапаратқа сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, Президент 2022 жылдың қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактілері үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берген еді.
Аға инспектордың айтуынша, енді тұрмыстық жанжал туралы хабарлама түскен жағдайда полицейлер сол жерде болған оқиғаға құқықтық баға беретін болады.
Мысалы, әйел отбасылық жанжал бойынша қоңырау шалса, полиция келгенде шиеленіс шешіліп, ер адам өзінің заңсыз әрекетін тоқтата қояды. Өз кезегінде, әйел арыз жазудан бас тартады, бірақ өзіне қатысты құқық бұзушылық жасалғанын түсіндіріп айтады. Оның айғақтарына сүйене отырып, құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары қабылданатын болады (ӘҚБтК 785-бабы). Олар: барлық айғақтарды қарап тексеру, бөлімшеге жеткізу, әкімшілік ұстау, медициналық куәландыру және тағы басқалар.
Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін – 15 тәулік, ал қайталанса, 25 тәулікке қамау жазасы бар.