Ұзақ жасауға уақыттың да тигізер әсері бар - ғалым
Фото: bipbap.rubipbap.ru
Елімізде бірыңғай уақыт белдеуін енгізу мәселесі ғалымдар тарапынан көптен бері көтеріп келеді. Әсіресе, шығыс өңірде ресми уақыттың табиғи биологиялық уақытпен сәйкес келмеуі халықтың денсаулығы мен көңіл күйіне, күнделікті тіршілігіне теріс ықпалын тигізіп, өмір сүру ырғағын бұзып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Адам ағзасының физиологиясы мен қызметі, гормоналды тепе-теңдік тұрғысынан бүкіл ел бойынша бірыңғай уақыт белдеуінің болғаны жөн, деп санайды мамандар.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ биология кафдрасының профессоры Гүлназ Садықанованың айтуынша, табиғи уақыт белдеуіне оралу елдің басым бөлігінде тұрғындардың жай-күйін жақсартады, өйткені қазір Шығыс Қазақстан тұрғындары арасында ұйқының қанбауы жиі байқалады. Сондықтан бізге уақыт белдеулерін қалпына келтіріп, тұрғындардың жұмыс және демалыс уақыттарын неғұрлым қолайлы етіп құру қажет.
Емдеу шаралары, науқастардың дәрі қабылдауы да қазіргі бұрыс уақытпен емес, күн уақытымен міндетті түрде сәйкестендірілуге тиіс, деп санайды ғалым.
Ұйқының қанбауы мидың белсенділігіне әсер етеді. Адам ұйықтамағанымен, оның миындағы жасушылардың бір бөлігі «ұйықтап» жатады. Бұл көз проблемасын да тудырады. Яғни, ұйқысы қанбаған көлік жүргізушілері көп жағдайда жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатқан адамдарды байқамай, қағып кетуі мүмкін.
Ал бірыңғай уақыт белдеуін енгізу адамның өмір сүру ұзақтығына оң әсер етеді. Ұзақ өмір сүретіндер – белгілі бір уақытта тұрып, белгілі бір уақытта ұйықтайтын адамдар. Бұл жағдайда жарық белсенділігіне байланысты ағзаға қажет гормондар молынан түзіледі.
UTC+5 медициналық тұрғыдан өңіріміздегі тұрғындардың ағзасына қалыпты әсер етеді. Адамдарда, әсіресе балаларда ұйқы фазасы бұзылмайды.
Бірыңғай уақыт белдеуін енгізу өмір сапасын да жақсартады. Атап айтсақ, көлік қатынасының бірыңғай кестесі болады, елдегі іскерлік байланыс жеңілдетіліп, стандартталады. Мәселен, Қызылорда облысы бірнеше жыл бұрын UTC+5 уақыт белдеуіне ауысқан болатын, қазір аталмыш өңірдегі тұрғындары өз уақыт белдеулерінде қалыпты өмір сүріп жатыр.