Педофилдер мен баланы өлтіргендер өмір бойы бас бостандығынан айырылады
Фото: shutterstock.com
Жас баланы өлтіргендер мен педофилдерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен іліспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Kazinform.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Балалардың құқығын қорғау саласында 2 жаңа норма қарастырылып отыр. Жаңа редакцияда педофилия үшін және кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды.
Азаптауға байланысты жаңа норма жаңа құрамда қарастырылды. Жаңа редакцияда азаптау үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ескерілді.
Оның айтуынша, суицидтің алдын алу мақсатында Қылмыстық Кодексте жаңа 2 құрам бойынша норма енгізілді. Бұл тұрғыда суицидке итермелеу және суицидті насихаттағаны үшін жаза ұсынылды. Суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен қылмыстық жауапкершілік белгілеу қарастырылды.
Заң жобасында интернаттық ұйымдарда тұратын балалардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету қадамдары ұсынылды. Бұл ретте, әлеуметтік маңызы бар нысандарда (тамақтану, білім беру, сауықтыру, емдеу және т.б.) кедергісіз тексеру жүргізу жөніндегі нормалар көзделген. Осылайша, интернаттарда мемлекеттік бақылау алдын ала хабардар етпей жүргізілетін болады. Сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға, балаларға білім беру және сауықтыру қызметтерін міндетті лицензиялау ұсынылады.