Шығысқазақстандық оқушы айтыс аламанында топ жарып жүр
Шалғайдағы шағын ауылда жатып-ақ ұлт руханиятына қомақты үлес қосып жүрген жандар көп. Елге істеген еңбегін бұлдамайтын жандар үнсіз жүріп-ақ қазақ руханияты қазанының қаймағын қалыңдатып, сандығын қазынамен толтыра бермек. Сондай жандардың бірі – ұстаз, «Жас өрен» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Дәуренбек Сарыбайұлы.
Шекара шебіндегі Тарбағатай ауданы – ақындар мен батырлардың мекені. Бұл өлкеден ұрпақтар сабақтастығы қай уақытта да үзілген емес. Ақын бабаларының ізін жалғаған жас өрен, Тарбағатай ауданы, Бозша ауылындағы Дәулетбай атындағы мектептің оқушысы Әли Ермеков бүгінде жас ақындар аламанының алдын бермей жүр. Ұстазы Дәуренбек Сарыбайұлының тәлімін алған жас ақын 5-сыныпта-ақ алғашқы жүлдесін қанжығаға байлаған. Бүгінде ұстазы өзгеден озған шәкіртін облыстық, республикалық бәйгелерге қосып келеді.
Иә, жас ақын Әли Ермеков жуықта «Жыр алыбы – Жамбыл» атты облыстық ақындар айтысында бас жүлдегер атанып, республикалық айтысқа жолдама алған. Шығыстың намысын қорғап барған жас ақын айтыстың республикалық кезеңінен де құр қайтпады. Жас ақын Әли Ермеков сол республикалық айтыста арнайы жүлде иегері атанған.
Бұл жетістіктің бәрі мамандықтың маңызын, еңбектің қадірін білетін ұстаздың арқасы. Әр ауылда Дәуренбек Сарыбайұлы сынды ұстаздар болса, рухы биік жастардың қатары арта түспек.