Өскеменнен Шымкентке тікелей әуе рейсі ашылды
Өскемен-Шымкент бағытында әуе рейсі ашылды. Шығыстың бас шаһарынан Шымқалаға алғашқы рейстің ұшағы 4 мамыр күні ұшады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
FlyAristan авиакомпаниясының әуе кемелері аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері ұшады. Билеттер компания сайтында тұр, ең төменгі баға – 20 мың теңге. Сондай-ақ билетті белгілі авиаагенттіктер (aviata.kz) мен көпшілік қолданатын банк қосымшалары (kaspi.kz) арқылы да алуға болады. Әлбетте, үш-төрт апта бұрын алған жағдайда, бағасы да төмен болады.
Осы орайда «Өскемен әуежайы» АҚ билет бағасын бекітпейтінін айта кеткен жөн, бұл авиакомпанияның құзырында.
Туризмді экономиканың табысты бір саласына айналдыруды мақсат еткен және осы бағытта нақты жобаларды іске асырып жатқан Шығыс Қазақстан облысының басшылығы еліміздің өңірлері арасындағы байланысты нығайтып, алыс-берісті, барыс-келісті одан ары арттыра түсуге мүдделі. Бұл ретте жолаушылардың сұранысына ие мұндай әуе рейстерінің іске қосылуы барлық жағынан тиімді болмақ.