ШҚО-да ерекше «Экскурсиялық әліпби» жасалды
Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Ольга Китаева ерекше «Экскурсиялық әліпби» әзірледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Карточкаларда әліпбидің әріптері жазылған. Ойыншылар карточканы алып, сол әріптен басталатын Шығыстың өлкетану нысаны жайлы не білетіндерін айтады, ал ойын жүргізушісі осы нысан туралы ақпаратты толықтырады.
«Ойын үш карта жиынтығынан тұрады. Карточкалардың бірінші жиынтығында әріптер, екіншісінде осы әріппен басталатын өзен, тау, елді мекен, тарихи ескерткіш, аймақтың белгілі тұлғасы, жергілікті көрнекті жер және сол туралы ақпаратты білдіретін сөздер бар. Мәселен, «Ш» әрпі – Шешек асуы. Ал ойын барысында «Й», «Ё», «Ъ», «Ь» әріптері келген жағдайда, ойыншы өзінің сүйікті жері туралы айтып береді»,-дейді Ольга Китаева.
Автордың сөзінше, үшінші жиынтықта нысан туралы фотосуреттер мен иллюстрациялар бейнеленген. Сондай-ақ, ақпаратты көрнекі қабылдау үшін музыкалық сүйемелдеумен бейнесюжет те жасалыпты.
Осылайша, 40 минут ішінде оқушылар мен студенттер виртуалды саяхат жасап, туған өлкеміз туралы қызықты деректермен таныса алады.