V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми байланыс операторы - «Кселл»
«Кселл» халықаралық шараға қатысушыларды тегін интернет байланыспен қамтиды, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
Бүгінде сайыс өтетін спорт нысандарында байланыс құрылғылары мен қосымша базалық станциялары орнатылып жатыр. Бұл шетелдік қонақтар мен қатысушыларға өз туған-туыстарымен еш кедергісіз бейнебайланысқа шығып, əлеуметтік желілерге фото, видео материалдарды жедел жүктеуге, таратуға, барлық цифрлық сервистерді үздіксіз пайдалануға мүмкіндік береді.
«Кселл» аталған нысандардағы байланыс желілерін жетілдіріп қана қоймай, көшпенділер ойындарына қатысатын əр спортшыға, еріктілерге, сондай-ақ ұйымдастыру комитетінің əр мүшесіне 5G интернеті мен байланысы бар сим-карталарды тегін таратпақ. Бұдан бөлек, компания спорт кешендерінде Wi-Fi-сигналын тарататын арнайы 5G-роутерларын орнатпақ.
Сондай-ақ, тақырыптық SМS-хабарламалар жолдауды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары - əлемдегі ең ірі ұлттық спорт додасы. Алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда өткен. Астанадағы жаһандық жарысқа əлемнің 89 елінен 2800 адам қатысады. Олар 21 этноспорт түрінен сынға түспек. Оның ішіне бəйге, көкпар секілді ат спорты мен ұлттық күрес, зияткерлік ойындар мен садақ ату секілді сайыстар бар. Жалпы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.