ШҚО әкімі қос ауданға жұмыс сапарымен барды
Облыс әкімі Даниал Ахметов Шемонаиха және Глубокое аудандарына жұмыс сапарымен барып, өсімдік шаруашылығын дамытып отырған бірнеше ірі шаруа қожалығына аралап көрді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– «EAST FARM» ШҚ жүгері өсірумен кеңінен айналысады. Суару жүйелерін орнатып, үлкен экспорттық әлеуетке ие болды. Биыл мұнда суармалы жерлерде майлы дақылдарды өсіру технологиясы сыналады. Фермерлер картоп өсіруді және облыс орталығын осы көкөніспен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, – деп жазды облыс әкімі желідегі парақшасына.
Сондай-ақ, аймақ басшысының ақпаратына сүйенсек, «Виситаев Р.Д.» шаруа қожалығында астықты кептіріп, сақтайтын ірі кешен салынып жатыр.
– Мұнда жаңа технологиялар мен элиталық тұқымдар, атап айтқанда Француз бидайы қолданылады. Оның өнімі гектарына 60 центнерге дейін жетеді деп жоспарлануда, бұл өте жақсы көрсеткіш. Біз мұнда басқа фермерлердің келіп, оң тәжірибе алмасқанын қалаймыз, – деді бұл туралы әкімнің өзі.
Өңір басшысы үлкен селекциялық жұмыстар жүргізіліп жатқан Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясына да ат басын тіреді.
– Мамандар соя, күнбағыс, бидай селекциясын жасауда. Өнімділігі импортталған астықтың өнімділігінен анағұрлым жоғары біздің сұрып енгізілді. Сондай-ақ мұнда мал шаруашылығы үшін жемшөп дақылдары да өсіріледі. Биыл алғаш рет мақсары егілді, ол өсімдік косметология саласында өте танымал – дейді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Облыс әкімі егін жинау науқаны басталғанын да хабарлады. 686 мың гектардан өнім жиналады. Мұның 208 гектардан астамы өңірдегі ірі май зауыттарына шикізат қоры болатын майлы дақылдар.