KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 2 м/с, З
478.96 533.03 5.22

Экономикалық даму қаржылық тәртіпке байланысты

14.11.2018, 08:01 247

Кез келген елдің ұлттық экономикалық дамуы қаржылық тәртіпке байланысты. Тәртіп бар жерде даму да бар. Осы орайда ішкі аудиттің маңыздылығы зор. Аудит және облыстың қаржылық бақылау саласындағы  жұмыстары жөнінде  мемлекеттік ішкі аудит департаментінің басшысы Серік Мамаев айтып береді.


 -Серік Есіркепұлы, соңғы жылдары мемлекеттік қаржылық бақылау саласын жетілдіруге ерекше назар аударылып отыр. Осы салада қазір қандай өзгерістер орын алуда?  


-Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет қаржысы мақсатты әрі барлық заңнамалық актілерге сай жұмсалуы тиіс дегенді үнемі айтып келеді. Осы мақсатта  еліміздің қаржылық бақылау жүйесі де жыл санап жетілдіріліп келеді, біраз шаруалар атқарылды. Еліміздегі барлық қаржылық шараларды реттейтін Бюджеттік кодекс қабылданды. Еліміздің және жергілікті жерлердегі бюджетті жоспарлау, оны жүзеге асыру мен бақылау осы Кодекс аясында жүзеге асады. 2015 жылдың  қараша айында   «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы»  Заң қабылданып,   ішкі мемлекеттік аудиттің аумақтық департаменттерінің  негізгі міндеттері мен атқаратын қызметтері айқындалды.  Бүгінгі күні мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау жүйесі есеп комитеті, тексеру  комиссиясы, ішкі аудит  бойынша уәкілетті орган, ішкі аудит қызметінен тұрады.


-Департамент өткен жылы ішкі аудит бойынша қанша тексерулер жүргізді? Жалпы, департаменттің соңғы уақыттағы жұмысына тоқтала кетсеңіз...


 -Өткен  жылы өтініштер, қылмыстық қудалау және прокуратура органдарының тапсырмалары  негізінде департамент  376 аудиторлық іс-шара жүргізді. Солардың қорытындылары бойынша 728,3 млн. теңге сомасында қаржылық, 22 млрд. 409,8 млн. теңге сомасында  рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері бойынша бұзушылықтар көлемі 21 млрд. 860 млн. теңгені құрап отыр. Ал осы жылдың соңғы он айында 218 аудиторлық іс-шара жүргізіліп,  1 млрд. 119 млн. теңге сомасында қаржылық,  27 млрд. 69 млн. теңге көлемінде  рәсімдік сипаттағы,  24 млрд. 465 млн. теңге көлеміндегі мемлекеттік сатып алу рәсімдері бойынша бұзушылықтар анықталды. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда ағымдағы жылы анықталған қаржылық бұзушылықтардың 53%-ға және рәсімдік сипаттағы бұзушылықтардың  20% -ға  өсуі орын алғандығын анықтап отырмыз.


-Өтелуге тиіс қаржыға қатысты  қандай жұмыстар атқарылуда?


-Департамент қаржылық бұзушылық сомаларының өтелуін және қалпына келтіруді қамтамасыз ету бойынша белгіленген тәртіпте  жұмыс жүргізуде. Аудит қорытындысы бойынша анықталған қаржылық бұзушылықты жою жөнінде өз құзыретіміздің аясында әкімшілік іс қозғап, сотқа талап жолдаймыз. Биыл анықталған  1 млрд. 119 млн. теңге сомасындағы  қаржылық бұзушылықтардың 1 млрд. 062 млн. теңгесі өтелуі тиіс болатын. Бүгінгі күні осы соманың 529 627,7 мың теңгесі  қалпына келтірілді. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша өтелуге тиіс  591 759,9 мың теңгенің  234 450,5 мың теңгесі қалпына келтірілді. Биыл   өтеу көрсеткіштері  өткен жылғыдан 10,2 пайызға  жоғары екендігін атап өткен жөн.


-Қаржылық бұзушылықтарға жол бергендерге қатысты қандай әкімшілік шара қолданылды?


- Департаментке Қазақстан Републикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 207, 238 баптарымен және  14 бабы бойынша  істерді қарау  жүктелген. Осыған орай,  департамент тарапынан  өткен жылы және соңғы 10 айда  360 лауазымды тұлғаға  68 670,7 мың теңгенің  айыппұлы салынды.


-Осыдан біраз жыл бұрын кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырыстың өткізілуіне көңілдері толмайтын. Қазір жағдай қаншалықты өзгерді?


- Өкінішке қарай,  мемлекеттік тапсырысты ұйымдастырушылардың әрекетіне қатысты арыздар мен шағымдар көлемі азаймай отыр. Мәселен, соңғы 10 айда департамент  камералдық бақылау аясында жалпы сомасы  248 108 967 426 теңгенің  26 643 мемлекеттік сатып алу лотын зерттеді. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша  1 363 лот бойынша 21 456 029 220 теңге сомасында бұзушылықтар анықталды, оларға 1363 хабарлама жіберілді.


- Қаржылық бұзушылықтардың алдыналу үшін қандай шаралар атқарылуда?


-«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» жаңа Заң мен мемлекеттік тапсырыстар туралы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілгеніне байланысты, департамент олардың нормаларын  түсіндіру жұмыстарын қолға алды. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне арналған семинар-кеңестер ұйымдастырылса, департамент қызметкерлері мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттырудың аймақтық орталығында осы тақырыпта лекциялар оқиды. Сондай-ақ облыстың мекемелері мен ұйымдарында да түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған. Департамент алдағы уақытта да қаржылық бақылау мен аудиттің тиімділігі арттыру бағытында жұмыс істеп, қаржылық бұзушылықтардың алдын алу бойынша шараларды жалғастырмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив