KZ
Өскемен
-7°
туман Штиль
479.23 534.96 5.16

ШҚО-дағы ауыл дәрігерін атып өлтіру оқиғасының анық-қанығы

10.10.2018, 12:19 152

Биылғы жылдың 15-ші ақпаны күні болған төбе құйқаны шымырлатар  қылмыс қаймағы бұзылмаған қазақы мекен Тарбағатай ауданы Ақжар ауылы тұрғындарының ғана емес, дүйім жұрттың жағасын ұстатты. Отын, суын әзірлеп, шама-шарқынша қыстық соғымын сойып, мамыражай тірлікпен  Ит жылының екінші айының ортасына жетіп қалған шағын ауылдың жұрты ақпанның ақ таңында «Ауылдағы ауруханада істейтін дәрігер   жігітті  атып, өлтіріп  кетіпті» деген суық хабарды естігенде, сең соққандай есеңгіреп қалды. Бірер сағаттың ішінде қаралы хабар желдей гулеп жан-жаққа тарап кетті.


Ауыл дәрігерін кім атты? Не үшін атты? Ауданаралық аурухананың жедел жәрдем бөлімінде  фельдшер болып жұмыс істейтін жас жігітті аудан жұртшылығының бәрі жақсы  білетін.  Қағілез, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын оның ақ желең деген атқа сай мейірбандылығына және  кәсіби біліктілігіне  үлкен де, кіші де  ризашылық білдіріп жататын.   Отызға толар-толмас шағында мерт болған оның мезгілсіз қазасы көптің қабырғасын  қайыстырды.


Бұл қанды қылмысты жасаған баукеспе қарақшы да  емес, бүлікшілер де емес, қайтыс болған фельдшер жігітпен бірге  жұмыс істейтін аурухана дәрігері   А.-ның күйеуі Ш.Есин (аты-жөндері өзгертіліп отыр) деген осы ауылдың тұрғыны еді.


 


ҚЫЗҒАНЫШТАН ТУҒАН ҚАТЫГЕЗДІК


 


2018 жылдың ақпан айының 14-і күні сағат кешкі 20.00 шамасында Ақжар ауылының тұрғыны Ш.Есин Ақжар ауылында орналасқан өзінің автокөлік құралдарын жөндеу орнында қарамағындағы жұмысшылары М, И, Ж-мен бірге    отырып алкогольдік ішімдік ішеді. Түнгі сағат 02.00 кезінде екі бөтелкені бөліп ішкен жұмысшылар үйлеріне қайтып кеткен. Сайтан су буын-буынына түсіп, масайыңқыраған күйінде өзінің автокөлік жөндеу орнында қалған Ш.Есин ауылдағы  таныс фельдшер М.Миратұлы (аты-жөні өзгертіліп отыр) онымен бірге жұмыс істейтін өзінің  әйелі А-мен көңілдес болып жүр деген күдікпен оны қасақана өлтіру туралы ойға келеді. Талайдан бері кеудесінде күлге көмілген шоқтай болып жатқан қызғаныштың қызыл оты арақ ішіп алған Ш.Есиннің  бойын бұрынғыдан бетер күйдіріп, жандырып, ақыры сол түні  арам ойын іске асыруға көндіреді.


Ш.Есин алдын -ала құрған жоспары бойынша өзінің заңсыз сақтап жүрген тегіс ұңғылы 12-ші калибрлі аңшы мылтығын алып, мылтықтың дыбысын шығармау үшін ұңғысының басына пластикалық бөтелкенің түбін кигізіп, оны скотчпен жабыстырып М.Миратұлын атуға әбден  тыңғылықты даярланады. Одан соң бетіне бас киімнен жасалған бетперде киіп алып, өзінің жекеменшік көлігімен түнделетіп Тарбағатай аудандық  ауданаралық ауруханасын бетке алған.


Сағат 02.30 шамасында аурухана маңына келген Ш.Есин машинасын ғимараттың алдындағы жолдың қарсы бөлігіне   апарып   қояды. М.Миратұлының бұл түні кезекшілікте екенін алдын-ала білген ол мылтығын қапсыра ұстаған күйі ауруханаға қарай асыға адымдайды. Бірақ бұл уақытта  аурухананың жедел-жәрдем көлігі аурухананың ауласынан шығып бара жатқан еді. Кілт тоқтаған ол жедел-жәрдемде фельдшер болып қызмет атқаратын М.Миратұлының сол көлікпен бірге шақырту бойынша кетіп қалғанын түсініп, машинасының шамдарын өшіріп, көліктің артынан ілеседі.  Ш.Есин жедел жәрдем көлігі   өзі тұратын үйдің алдына барып тоқтағанын, үйден өзінің әйелі А-ның шығып көлікке отырғанын көреді. Яғни, жедел жәрдем өзінің әйелін алып кетуге келгенін түсінген ол, біраз минуттан соң қайтадан  жедел жәрдемнің артынан жүре отырып ауруханаға жетіп, көлігін аурухана қоршауының арғы жағына  жасырып қояды. Содан соң қолына оқтаулы мылтығын алып, басына бетперде киіп, аурухананың жансақтау бөлімі жағындағы  есік арқылы кіріп,   әйелі А-ның қызметтік бөлмесіне М.Миратұлын іздеп барады. Бірақ ол күткендегідей мұнда ешкім болмай шығады.


Әйелінің қызметтік бөлмесінде ешкім жоқ екеніне көзі жетіп, жедел жәрдем бөлмесіне қарай өтіп, осы жерде кезекшілікте отырған медбикеден фельдшерді сұрайды. Бетінде бетперде, қолында мылтығы бар адамды көріп,  қорқып кеткен медбике жүгіре басып  фельдшерлер бөлмесінде ұйықтап жатқан М. Миратұлын ұйқысынан оятып, оған өзін қарулы адам сұрап кеп тұрғанын айтады. Сол сәтте Ш.Есин де медбикенің артынан қоса кіріп келіп, ұйықтап  жатқан жерінен түкке түсінбей  тұрып келе жатқан фельдшерге мылтығын кезеп тұрып, сөзге келтірместен қатарынан төрт рет оқ атады. Мылтық оқтары дәрігер денесінің сау тамтығын  қалдырмағанына көзі жеткен соң, бөлмеден шығып кеткен ол  қайтып келіп, еденде жатқан гильзаларды жинап алып, жалмажан сыртқы есікке қарай жүгіреді.


Белгісіз біреудің фельдшерге оқ жаудырып жатқанын көріп айғайлай қашып шыққан медбике жүгіріп жансақтау бөліміне барып, осында қатты ауырып түскен балаға емшара қолданып жатқан Ш.Есиннің әйелі А мен екі қызметкерге шырылдай жылап, болған жайды жеткізеді.  Жалма-жан бәрі жедел жәрдем бөліміне жүгіреді...


 


Сейілмей қойған күдіктің,  қызғаныштың соңы әп-сәтте, бас-аяғы бірер минуттың ішінде осындай сұмдықпен аяқталды.


Сот үкімінен: «...Басты сот талқылауында сотталушы Ш.Есиннің аса ауыр қылмыстар қатарына жататын қылмысты жасауына, жәбірленуші М.Миратұлының сотталушының әйелі А-мен (есімдер өзгертіліп алынып отыр) қарым-қатынасы бар деген күдік түрткі болып, қылмыс жасауға әкеліп соққаны дәлелденді. Жәбірленушінің А-мен қарым-қатынаста болды деген дәлелдеме өз дәлелін таппады. Оқиға болған күні  М.Миратұлы мен А. ауруханада бірге болмаған. Сол күні Ақжар ауылындағы ауданаралық №2 ауруханада жас бала ауырғандықтан, дәрігер А ауруханаға жеделжәрдеммен шақырылған. Сотталушы Ш.Есин мас болғандықтан, әйелі А мен жәбірленуші М.Миратұлы кездесуге барды деп тұжырымдап,  күдіктеніп, қылмыс жасауға барған...»


Қылмыс түбі - жаза.  Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкімімен Тарбағатай ауданындағы Ақжар ауданаралық ауруханасындағы  фельдшер жігітті атып өлтірген осы ауылдың тұрғынына 12 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот ісі барысында қылмыскер өз ісіне өкінетіндігін айтқан.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив