Зырянда жол белгілері жетіспейді
Зырян ауданында жол белгілері тапшы. Биыл жаңа 53 белгі орнатылғанымен, ауданның жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлі 500-ден астам белгі қажет.
Әсіресе көлік қозғалысы көп аудан орталығының негізгі көшелерінде болмаса, өзгелеріндегі белгілердің жағдайы мүшкіл. Бұған тұрғындар да алаңдаулы. Оны қалпына келтіруге не кедергі деген сауалға бөлім аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Дәурен Кустубаев - қаржы деп жауап берген.
- Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша биыл 2,9 миллион теңге бөлінген. Ал өзге жұмыстармен қатар белгілерді қалпына келтіруге жеті миллиондай қаржы қажет. Бөлінген сомманың 240 мыңына 65 белгі жөнделген. Жөндеуді қажет ететін тағы 345 белгі бар,-дейді ол.
Аудандық ІІБ басшысының айтуынша, қаржының біраз бөлігі жүргіншілер жолына жолақ салуға және бағдаршамдарды күтіп ұстауға жұмсалған. Нәтижесінде ауданға қажетті 500-ден астам белгінің орнына қаржы тек 53 жаңа белгі орнатуға жетті.