ШҚО Полиция басқармасы: Қысқы кезеңде көлікке қыстық дөңгелектер міндетті
Шығыс Қазақстан облысының Полиция басқармасы 2011 жылғы 018/Техникалық регламентке сәйкес, қыс мезгілінде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы дөңгелектермен жабдықталмаған көліктерді пайдалануға тыйым салынатынын хабарлады, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Бұл талап қыстық дөңгелектердің қарлы және мұзды жолда жақсы ұстау мен жылдам тоқтауға мүмкіндік беруімен байланысты.
Қысқы дөңгелектер барлық доңғалақтарға орнатылуы тиіс және үш шыңды тау бейнесі мен қар ұшқыны, сондай-ақ «М+S», «M&S», «M S» белгілері болуы керек.
Қыста «жазғы дөңгелектермен» жүру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы, 5-бөлігіне сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұлға әкеп соғады.
Алдағы қысқы ауа райы қолайсыздықтарын ескере отырып, полиция қызметкерлері көлік иелеріне дөңгелектерін уақытында қысқы маусымға сай дайындауға кеңес береді.