KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 2 м/с, Ю
494.87 520.65 4.91

Міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтуды кеңейту

Фото: siteuptime.com

30.10.2024, 18:30 122 Төлеуғазы Жансая

Қазақстан Республикасында мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы жауапкершілікті базалық, міндетті және ерікті деңгейде бөлуді көздейтін әлеуметтік қорғау жүйесінің көп деңгейлі моделі қалыптасып және бүгінде қарқынды жүзеге асырылуда.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың міндетті (қосымша) деңгейі ретінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (Қор) арқылы жүргізілуде.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілердің жұмыскерлер үшін, сондай – ақ жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін Қорға төлейтін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптастырылады. Бұл ретте, еңбек шарттарын жасасқан жұмыскерлер үшін әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты жұмыскердің жалақысынан ұсталынбайды, ол жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленеді.

Әлеуметтік аударымдарды уақтылы және толық төлеу міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы, жүктілікке және босануға байланысты, сондай-ақ бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылуы сияқты әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдер алуды қамтамасыз етеді.

 Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6,4 млн-ға жуық жұмыс істейтін азамат қатысады және жыл сайын 1,2 млн. аса адам Қордан әлеуметтік төлемдер алады. 2005 жылдан бастап Қордан жалпы сомасы шамамен 4,2 трлн. теңгеге төлемдер төленді, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша 230,1 млрд. теңге.

Отандық еңбек нарығында болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, атап айтқанда, «платформалық жұмыспен қамту» сияқты жұмысқа орналастырудың жаңа түрі кеңінен тарала отырып, әлеуметтік аударымдар төленуі тиіс тұлғалар санаты да кеңеюде.

Мәселен, ҚР Әлеуметтік және Салық кодекстерінің нормаларына сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап интернет-платформалар мен мобильді қосымшалар (мысалы: Яндекс, Uber, Glovo, Wolt және т.б.) арқылы қызмет көрсететін тұлғалар үшін, яғни мобильді қосымшаны пайдаланатын платформалық жұмыспен қамтуға тартылған таксистер, курьерлер үшін арнайы салық режимі енгізілді.

Интернет-платформа операторы (мысалы, "Wolt" тамақ жеткізушісі) табыстың 4% -. ұстайды, оның 1% - жеке табыс салығы, 1% - әлеуметтік аударымдар, 1% - міндетті зейнетақы жарналары және 1% - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық агенттерімен жасалған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар  бойынша табыс алатын, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалардың кірістерінен әлеуметтік аударымдар ұсталатын және Қорға аударылатын болады.

Әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 5% құрайтын болады. Бұл ретте, салық заңнамасына сәйкес, салық төлеушілер әлеуметтік салықтың есептелген сомасын Қорға төленген әлеуметтік аударымдар сомасына азайтады.

Әлеуметтік аударымдар төленбейтін кірістерді қоспағанда, жұмыс берушінің еңбекке ақы төлеу ретінде табыс түрінде төленетін шығыстары әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі болып табылады.

Айта кету керек, бір төлеушіден әлеуметтік аударымдарды есептеудің ай сайынғы объектісі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 7 еселенген мөлшерінен аспауы және 1 ЕТЖ-ден кем болмауы тиіс.

Әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда Қордан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері жеке есептеледі және Қорға төленген әлеуметтік аударымдардың толықтығына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты болады.

Осыған байланысты, әлеуметтік төлемге жүгінер алдында Қорға келіп түскен әлеуметтік аударымдардың сомасын egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн режимде және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары немесе жеке басын куәландыратын құжатпен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне (ХҚКО) немесе Қордың филиалына жүгіне отырып тексеру қажет.

2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша шамамен 1,2 млн. адам жалпы сомасы 622,4 млрд. теңгеге Қордан әлеуметтік төлемдер алды, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысынан Қордан әлеуметтік төлемдерді жалпы сомасы 19,5 млрд. теңгеге 33,8 мың адам алды.

 Қорытындылай келе, әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда жұмыс істемейтін азаматтармен салыстырғанда жұмыс істейтіндердің   әлеуметтік қорғалуы жоғары екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты, біздің азаматтарымыздың жұмысқа орналасқан кезде жасалған еңбек шарттарының болуы және әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының (жұмыс берушілер, қызметкерлер және мемлекет) қолданыстағы заңнамада көзделген құқықтар мен міндеттерді сақтауы ерекше маңызға ие.

ШҚО бойынша «МӘСҚ» АҚ филиалы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу