ШҚО әкімі: “Сан тағдырлы балалардың сан тараулы өмірін жақсартып жүрген жандарға мың алғыс!”
Өскемендегі "Ертіс Концерт" КМҚК-да Қазақстанның әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні - еліміздің әлеуметтік қызметкерлері жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтіп келе жатқан айрықша мерекелердің бірі.
Қазіргі күні облыстағы медициналық-әлеуметтік мекемелерде күн сайын 2 мыңнан астам адам жан-жақты көмек алып отыр. Өңірде үйде күтім көрсету жағдайындағы қызмет көрсетумен 5073 мүгедектігі бар адам (оның ішінде 462 бала) және қарттар қамтылған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен 514 адам қамтылған (оның ішінде 103 мүгедек балалар).
Жыл сайын Грехово кентінің оңалту орталығында 1 мыңнан астам адам кешенді қолдау мен оңалтудан өтеді.
Еңбек ардагерлері, зейнеткерлер, Батыр аналар мен зейнеткер жасындағы "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған аналар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысушылар, сонымен қатар интернационалист жауынгерлер арасынан 5 мыңнан астам адам санаториялық-курорттық ем алуда.
Салтанатты жиында қалалар мен аудандарда халықты әлеуметтік қорғау саласында еңбек етіп жүрген үздік қызметкерлер марапатталды.
Жанаргүл Көкенайқызы