Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының хирургтары жас пациентке шұғыл түрде ота жасап, өт қабындағы үш тасты алып тастады. Ота күрделі болғанымен аз инвазивті тәсілмен жасалды. Науқас операциядан кейін өзін жақсы сезінеді, өздігімен жүреді және дәрігерлерді «менің періштелерім» атады,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Орталықтың бірінші хирургия бөлімшесіне айына 130-ға жуық пациент жүгінеді. Жылына әртүрлі бейіндегі және күрделі бес мыңнан астам операция жасалады.
36 жастағы Меруерттің оқиғасы жақсы аяқталды, бірақ соңы қайғылы аяқталуы да мүмкін еді. Келіншек ұзақ уақыт бойы холециститпен ауырған.
– Көріп отырғаныңыздай, менде артық салмақ бар, сол себепті мен үнемі диета ұстадым, тамақты аз ішуге тырысатынмын. Аяқ астынан приступ ұстап, дене температурам көтеріліп кетті. Жедел жәрдеммен мені жақын маңдағы ауруханаға жеткізіп, тексерген кезде өт қабындағы үлкен тастарды тез анықтады, операция жасайтындарын айтты. Барлығы тез болғаны соншалықты, мен есімді жиып, аяғына дейін дұрыс түсіне де алмай қалдым. Бірақ бәрі сәтті өтті! Мен өмірімді сақтап қалған дәрігерлерге ризамын, оларды періштелерім деп санаймын. Менің қазір тірі қалғаным, өз аяғыммен жүргенім – мен үшін бұл үлкен қуаныш пен бақыт, – дейді Меруерт Иганбердиева. Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нартай Тұраханов Меруерттің операциясы аса күрделі болмағанымен, ерекше жағдай екенін айтты.
– Біз бірден үш өте үлкен тасты таптық, науқастың өміріне қауіп төніп тұрды, сондықтан оған шұғыл операция жасау керек болды. Бұрын мұндай операция ашық әдіспен іш қуысын кесу арқылы жасалатын. Осы жолы біз өт қабы ауруларын емдеуде "алтын стандарт" болып табылатын лапароскопиялық холецистэктомия отасын жасадық, яғни тастар шағын тіліктер арқылы аз инвазивті түрде алынды. Тастардың үлкендігі 2-ден 4 сантиметрге дейін болды және олар қатты ауыртатын. Қазір науқас операциядан кейін өзін жақсы сезінеді. Өзіне-өзі қызмет көрсетеді, жуықта үйіне шығуға дайындалып жүр, – деп түсіндіреді хирург.
Лапароскопиялық әдіспен соқырішекке, қабынған ойық жарасына әртүрлі шұғыл оталар жасау, оның ішінде дренаждарды орнату, ісіктерді алып тастау да бар, сондай-ақ жоспарлы түрде, тіпті жоғары технологиялық медицинаны қолдану арқылы жасалатын қымбат операциялар – бұл бөлімше хирургтарының күнделікті жұмыстары.
Мамандардың науқастарға берер басты кеңесі – МӘМС жүйесінде сақтандырылу өте тиімді.
– Адам денсаулығын болжау мүмкін емес, ертең не күтіп тұрғаны, қандай медициналық көмек қажет болуы мүмкін екені белгісіз, Шұғыл ота жасау – бұл толық сауығып кетудің кепілі емес, мұндай жағдайларда бағасы қымбат жоғары технологиялық әдістер қолданылмайды. Өзіңізді қорғау үшін медициналық сақтандыру қажет. Өйткені, бізге түскен пациенттердің көпшілігінде құны бірнеше миллион теңге тұратын операциялардың ақысын төлейтін мүмкіндіктері жоқ. Тек МӘМС мәртебесі болғанда ғана барлық шығындарды сақтандыру қоры өз мойнын алады, – деді Нартай Тұраханов.