Семейліктер "Түнгі қаланы" тамашалайды
Семейдегі облыстық «Дариға-ай» жастар театры 20-шы жаңа маусымын драматург Баққожа Мұқайдың «Түнгі қала» драмасымен ашпақшы. Қазіргі қоғамда болып жатқан сан-алуан мәселелер өзек болған спектакльдің қоюшы режиссері биыл ғана Қазақ ұлттық өнер университетін бітіріп келген жас маман Гауһар Мангулова.
- Жалпы театрдың алға қойған үлкен жобалары мен жағымды жаңалықтары баршылық. Жоғарыда аты аталған жас режиссер Г. Мангулова қазан айында А. Гриннің «Алые паруса» шығармасының желісімен «Біртүрлі жан» атты спектакльді сахналауды жоспарлап отырса, осы театрдың түлегі, «Болашақ» бағарламасымен Мәскеуден білім алған Жұлдызбек Жұманбай Шәкәрімнің 160 жылдығына орай ақынның «Мұтылғанның өмірі» атты поэмасы бойынша «Жолсыз жаза» атты поэтикалық қойылымның тұсауын кеспек, - дейді театрдың әдеби бөлімінің меңгерушісі Г.Құдайбергенова.
Сондай-ақ ерекше айтып өтерлік ақжолтай жаңалық - «Дариға-ай» жастар театры үстіміздегі жылдың қазан айының 30-ы мен қарашаның 6-сы аралығында Орта Азия мемлекеттері арасында өтетін VІІ Халықаралық театр фестиваліне Шекспирдің «Ричард ІІІ» спектаклімен қатысқалы отыр екен.