Бесқарағайда «90 жемісті жылдар» кітабы көпшілікке жол тартты
Тұмса табиғатымен көз тартатын Бесқарағай ауданы 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Атаулы датаны қарағайлы өлке телегей табыспен қарсы алды. Осыған орай «90 жемісті жылдар» кітабы көпшілікке жол тартты.
Бесқарағай – Шығыс Қазақстанның солтүстік бөлігінде орналасқан көрікті ауданның бірі. Ерекшелігі сол, бұл өңірдің ажарын жасыл белдеу келтіріп тұр. Ертістің құмды алқаптарын орманды дала жайлаған. Мұндай алқаптардың саны бесеу. «Бесқарағай» атауы содан туындаса керек. Әйтсе де, бұл өңір тек табиғатымен ерекшеленбейді. Киелі аймақтың тарихы да кез келген жанды қызықтыраны анық. Осы сөзді ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосқан ғалымдар да қуаттап отыр. Мәселен, қазақ интеллегенциясының жарқын өкілі, ақын әрі жазушы Сәкен Сейфуллин, кезінде осы Бесқарағай жерін паналаған екен. Сондай-ақ, ұлттың алтын дауысы, әйгілі тенор Әміре Қашаубаевта киелі мекенде біршама уақыт өмір сүрген.
-Мұрағатты ақтарып отырып, Сәкен Сейфуллиннің Долон округіндегі Черемушка ауылында тұрғаны жөнінде ақпаратты таптым. Атақты әнші Әміре Қашаубаев, біраз өмірін Бөдене ауылында өткізген. Тағы бір айта кетерлігі Алаш қайраткерлерінің бірі Ілияс Молдажанов, қазіргі Глуховка ауылы Стеклянка деген жерде пошташы ретінде қызмет істеген. Ол негізі Долон ауылының тумасы. Бұған қоса суырып салма ақын Нұрлыбек Баймұратовқа қатысты қызықты мәліметтер табылды. Дегенмен әлі де ашылмаған сырлар жетерлік, - дейді «90 жемісті жылдар» кітабының авторы, аудандық газеттің бас редакторы Асылбек Қожахметов.