KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Өңірдегі мектептердің білім беру сапасы назарда

8.11.2024, 11:00 67 Гульжан Мусина

Өңірдегі білім және тәрбие беру саласының қызметкерлері бас қосты. Алқа отырысында еліміздегі 943 нысаналы мектепті дамыту жобасының облыста жүзеге асырылуы, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың, суицидтің, девиантты мінез-құлықтың алдын алу мәселелері бойынша басшылық, бақылау және өзара іс-қимыл жөніндегі қызметті ұйымдастыру жөнінде кеңінен тарқатып талқылады.

Аймақтағы 25 мектепте білім беру сапасы төмен. Бұл туралы білім басқармасының алқа отырысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ-ның облыстық филиалының кәсіби даму институтының директоры Гаухар Жұманова мәлімдеді.

– Өскемен, Риддер қалалары мен Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Шемонайха сынды бірқатар аудандағы білім сапасының көрсеткіші төмен. Алдағы уақытта бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін тиісті жұмыстар атқарылмақ, – деді Гаухар Жұманова.

Алқа отырысына облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты.

– Өңір мектептеріндегі білім мен тәрбие беру саласына жауапты мамандардың басын қостық. Өздеріңіз білетіндей, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған, – деді Ербол Нұрғалиев.

Облыстағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 28 586 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ал мектепалды даярлық сыныптарында 5901 бала білім алуда. Аймақта 344 орта мектеп бар. Жыл соңына дейін Зайсан қаласындағы Сауыр ықшам ауданында 300 орындық, Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кентінде  200 орындық, Тарбағатай ауданы, Тәуке ауылында 80 орындық білім ошақтары қолданысқа берілмек. Сонымен қатар келесі жылы облыс бойынша 5960 орындық 17 мектеп бой көтермек. Алқалы отырысқа қатысқан білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева осылай деді.

– 943 нысаналы мектепті дамыту жобасы аясында Алтай, Самар, Тарбағатай, Күршім, Глубокое, Ұлан, Зайсан, Шемонаиха аудандары мен Өскемен, Риддер қалаларындағы 25 мектепте тиісті жұмыстар атқарылуда. Әдістемелік жәрмеңкелер, тренингтер, үш деңгейлі біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек, 499 педагог қортынды тестілеуден өтті, – деді Иннеса Чернышева.

Алқа отырысында ұстаздар қауымы облыстағы білім беру жүйесінің болашағы мен мәселелері туралы кеңінен талқылады. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтары жылы контекстінде техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлаудың өзекті міндеттерін атап өтті.


Ажар Мұратқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу