KZ
Өскемен
-8°
туман жел 2 м/с, С
498.51 522.84 4.81

«Айбын» Орденімен марапатталды

8.11.2024, 13:00 101 Гульжан Мусина

Қатардағы сарбазды гранатадан құтқарған әскери қызметкер марапатталды. Осылайша,  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің штаб бастығы, ІІ дәрежелі «Айбын» Орденінің иегері подполковник Денис Шеметке сый-құрмет көрсетілді. 
Салтанатты шара Ұлттық ұланның Өскемендегі дағдарысқа қарсы оқу-жаттығу орталығында өтті. Оған келушілер бейнеэкран арқылы подполковниктің сарбазды қалай құтқарғаны туралы толық ақпарат берілді.
Айта кетейік, оқиға оқу-жаттығу полигонында  болған. Сарбаздың лақтырған гранатасы  окоптың қалқасына түсіп, төмен қарай домалап кетеді. Сол мезетте Денис Шемет гранатаны аяғымен теуіп жіберіп, жауынгерді денесімен қалқалап, жата қалған екен. Подполковниктің бұл батыл әрекеті мерзімді әскери қызметшінің өмірін сақтап қалды. Ал, офицердің денесіне граната жарықшақтары кіріп, ауруханада ота жасалынды. Осылайша, бір адамның өмірін ажалдан арашалап қалған Денис Шеметке Мемлекет басшысының жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» Ордені табысталды. 
       

– Бала кезімде кемеге отырып, теңіз-мұхиттарды тамашалауды армандайтынмын. Бірақ ер жеткен соң әкем сияқты әскери  қызметші болуды мақсат тұттым. Негізі, бұл салада алаңсыз еңбек ету үшін ең алдымен жанұяда береке-бірлік болуы керек. Осы сәтті пайдалана отырып, маған әрдайым қолдау көрсететін асыл жарыма алғыс айтқым келеді,  –  деді Денис Шемет. 

Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. 
Естеріңізге сала кетейік, «Казцинк» кәсіпорыны Денис Шметке жанқиярлық ерлігі үшін бір миллион теңге табыстады.


Ажар Сағатпекова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу