Облыс әкімі: – Іңкәр Сейілғазина сияқты жандар бәрімізге үлгі болуы тиіс
Облыс әкімі Ермек Көшербаев осыдан бірер күн бұрын ұшақта адам өмірін құтқарып, халықтың ыстық ықыласына бөленген жерлесіміз Іңкәр Сейілғазинаға құрмет көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін облыс орталығында өтіп жатқан ауыл әкімдерінің форумы барысында аймақ басшысы медицина саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан облыстық гематологиялық орталығының медбикесі Іңкәр Сейілғазинаны алғыс хатпен марапаттап, мұндай адамдар баршаға үлгі болуға тиіс екенін айтты.
Ал марапат иесі болса, мұндай құрмет-қошеметке ие болатынын еш ойламағанын, дегенмен еңбегін елеп-ескергені үшін өңір басшылығына көп рахмет айтатынын жеткізді.
Еске салайық, осыдан шамамен бір апта бұрын «Air Astana» әуе компаниясының Пхукет-Алматы бағытында ұшқан ұшақтағы бір жолаушының жағдайы күрт нашарлап, шұғыл көмек қажет болады. Сол кезде еңбек демалысында жүрген өскемендік медбике Іңкәр Сейілғазина көмекке келіп, халі мүшкіл жолаушыны ажалдан арашалап қалады.
Жоғарыда жазғанымыздай, Іңкәр Мұратбекқызы медицина саласында 31 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. Ол – жоғары санатты реанимациялық медбике. Әр жылдары аурухананың хирургия, реанимация, ковид бөлімдерінде жұмыс істеген.
Нұржан Кенжеұлы