Өскеменде «дуаны анықтаушы» полицейлер жүкті әйелді үш сағат тергеуге алған
Өскемен қаласының «айбынды» полицейлері дуа жасалды деген ауызша түскен арыз бойынша іс қозғамақ болған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Оқиға 25 мамырда басталған. Сабина Укокова есімді қала тұрғынына кешке қарай ер адам қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері деп таныстырады. Полицейдің сөзінен түсінгені: Сабинаның үстінен арыз түскендіктен, ол Үлбі полиция бөліміне келуге тиіс. Полиция қызметкерлері, тіпті, оған көлік жіберуді ұсынып, тез арада жетуін талап етеді. Бірақ Сабина көліктен бас тартып, мәселенің басын ашу үшін аталған полиция бөлімшесіне жұбайымен бірге өзі келеді.
Бұл жағдайдың түсінбестіктен туындаған жансақтық екеніне ерлі-зайыптылар сенімді еді. Дегенмен, бөлімшеде естігендеріне сене алмады. К. және С. есімді тұлғалардың атынан арыз түсіпті. Олар Сабинаны өздеріне дуа жасады әрі дүмшелікпен айналысады деп айыптаған екен.
Сабина Укокованың аяғы ауыр болатын. Оған қарамастан, полиция қызметкерлері әйелді үш сағат бойы кабинетте ұстап, тергеген. Тек осыдан кейін ғана Сабинаның үстінен жазбаша арыздың түспегені белгілі болады. Демек, полицейлер ауызша айыптауға сүйене отырып, тергеу жүргізіп отыр.
Жауап алу кезінде Сабинаның жұбайын кабинетке кіргізбей, есікті кілттеп алыпты. Өз жұмыстарына аса берілген полицейлер осылай үш сағат бойы бейшара әйелдің экстрасенсорлық және дуа жасау қабілетінің бар-жоғын анықтаумен айналысқан.
Ең қызығы, дуа жасау туралы шағым Сабинаның бірінші күйеуі мен оның бұрыңғы іскерлік серіктесінің атынан түскен екен.
Серіктесі полицейлердің көзінше Сабинаны ерлі-зайыптылардың ажырасуына кінәлап, арызданушыларға түрлі ауру жіберіп, дуа жасады деп айыптайды. Бұл сандырақты тыңдап отырған тергеуші жүкті әйелге дауыс көтеріп, кінәсін мойындауды талап еткен. Сабинаның бұрыңғы жұбайы С. жазбаша арыз жазбағанын растап отыр.
Әбден қажып, шаршаған әйел шу шығарып, өзін босатуды талап ете бастайды. Тек осыдан кейін ғана оны үйіне жіберген екен.
Еш дәлелсіз, еш негізсіз жүргізілген тергеу Сабинаның жүйкесіне зақым келтіріпті.
-Дуа жасау туралы іске ерекше ынтамен кіріскен полиция офицерлеріне таң қалдым. Өскеменде дуадан басқа ешқандай құқықбұзушылық жасалмайтындай көрінді, - деп ашынды Сабина.
Ол ШҚО ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасына полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекетіне шағымданады. Қызметтік тексерудің нәтижесі бойынша, дуаны анықтаушы полицейлер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Сабина Үлбі полиция бөлімшесіндегі сыртқы және ішкі бейнебақылау камераларының жазбасын беруді талап еткен, алайда талабына ешкім құлақ аспады. Сондай-ақ, оның жалған арызданушыларды жауапқа тарту туралы сотқа жіберілген шағымы қайтарылып тасталды. Себеп – дәлел қажет.
Қазір жүйкесі әбден тозған Сабина Укокова барлық мүмкін инстанцияларға шағымдануын жалғастыруда.
Дереккөз: bureau.kz