Семейде облыс мектептерінің 544 мұғалімі қайта даярлаудан өтіп жатыр
«Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Астана және Алматы қалаларының және облыстардың әкімдерінің қатысуымен алқалы жиын өткен еді. Жиында 22 жаңа жоба таныстырылды. Оның ішінде қазіргі заман талабына сай ең маңыздылары «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар ашу» және «Кәсіби мамандар дайындау үшін ІТ-орталықтарды іске қосу» деп аталатын цифрландыру бағытындағы жобалар нақыт аталды.
-Облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясының қанатқақты жобасын жүзеге асыру үшін Семей қаласындағы Электротехникалық колледжде Шығыс өңірдің барлық аудандарының мектептерінен әртүрлі пәннің мұғалімдерін жинап, кәсіби маман дайындау үшін қайта оқытуды бастап отырмыз,-деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова,- Мектептер бойынша қай жерлерде IT-сыныптар ашылатындығын белгіледік. Облыс бойынша быилғы оқу жылынан бастап 277 мектепте осындай сыныптар ашылып, жұмыс істеуі тиіс.
Әсем Бекқызының айтуынша, ұстаздарды қайта даярлап жатқан бұл курс 5 аптаға созылады.Оның ішінде 3 апта осы бағдарламаны теориялық тұрғыдан үйретсе, қалған екі аптасы ұстаздардың алған білімдерін тәжірибе арқылы дағдыландыруға машықтандырады.Осы уақыт ішінде мұғалім IT – технологиясын бағындыра білу керек. Бұның ішіне әрине 3D баспа өнімі, Web-дизайн жасау және роботтық жүйелер де кіреді.
-Мектептердегі оқушылардың жас ерекшелігіне сай технолоияглық ақпараттармен қамтитын боламыз. Мәселен, 3-5 сыныптардың өз ерекшелігі болады, ал 5-9 сынып, сол сияқты 10-11 сыныптардың бағдарламасы жас ерекшелігіне сай қамтылады. Осылайша барлық жастағы оқушылардың сенсорлық даму интеллектін қамтимыз,-деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Электротехникалық колледждегі ІТ сыныптарды аралатып таныстыру барысында,-шәкірттердің ой жүйесін бағыттап, олардың заманға сай тұлға болып қалыптасуына атсалысуымыз керек. Ұстаздар осы жерде түрлі инновациялық технологияларды үйнерін жатыр. «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамту», сол сияқты «Мехатроника», «Робототехника» осының барлығын облыстың 544 мұғалімі оқып, үйренбек. Курс аяқталған соң сынақ жұмыстарын тапсырып, сертификаттарына ие болады. Осы арқылы химия, физика, информатика немесе бастауыш сынып мұғалімдері қосымша жаңа пәннен сабақ беру мүмкіндіктеріне де ие болады.
Әсем Бекқызының айтуынша, әрине қазір жаз айы демалыс кезі, ұстаздар демалысымызда неге оқуымыз керек деп ренжуі мүмкін, бұлары заңды да, дегенмен мұғалімдердің бұл еңбектері ескеріліп, материальдық жағынан толығымен қолдау көрсетілетін болады. Және алдағы уақытта осындай ұстаздардың біліктілігі бірден бағаланбақ.
-Бұл шынымен де біз үшін аса қажет, сондықтан да демалысымызда келіп оқып жатқанымызға өкінбейміз,-деді Глубокое ауданы Верхберезовка ауылынан келген мұғалім Елена Жидяева,-Жаңа сыныптар ашылып жатыр. Біз жұмыс істейтін сыныптар күні бойы қаңтарылып тұрмай, ашық тұрса екен деген өтінішіміз бар. Математиктер және информатиктер үшін бұл курс таптырмас білім көзі болып отыр. Десек те, ашылатын ІТ-сыныптар үшін лаборант адамның ішінде отыруы аса қажет.
Әсем Бекқызы ұстаздың бұл өтінішін назарға алатындығын айтты. Электротехникалық колледждің мұғалімі Ирина Шустова осы бағдарламаның жетекшісі әрі жаттықтырушысы екен. Оның айтуынша, балалар тек телефонның және компьютердің құлағында ғана ойын ойнап отырмай, гарфикалық кескіндемелерді жүргізіп, болашақта сызба, сурет, анимация жұмыстарымен де айналысып, мультфильм түсіруге бейімделуі керек. Тіпті сәулет, құрылыс саласын меңгергендер де осы бағыттан бастай алады. Сондықтан бағдарламаның ел болашағы үшін берері зор.
-«Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынғандықтан да, бұл іс толық аяқталғанға тікелей қадағалауымызда болады,-деді партияның ШҚО филиалы төрағасының орынбасары Олег Чугунков,- әр баланың білім деңгейіне назар аударамыз. Қыркүйектің 1-інен бастап, ІТ-сыныптар біздің облыстағы 277 мектепте түгелдей ашылады деп ойлаймыз.
-Назарбаев зияткерлік мектебі мен Германия, Ұлыбритания сияқты елдердің тәжірибелеріне орай біз әр сыныпқа модульдер ойлап таптық,-деді Электротехникалық колледж директоры Азат Сарпеков,-біз бастауыш сыныптарға алдымен ойын түрінде үйретеміз. Ал 6-8 сыныптарға сайттар жасау, робототехниканы құрастыруды тереңдете бастаймыз. 9-11 сыныптар мехатрониканы, виртулаьды әлемдерді бағындыруды тырысады. ІТ-технологияны, бағдарламаны меңгерту барысында балалардың жас ерекшелігін ескеріп отырамыз.